Маңғыстау ауруханасының бас есепшісі 32 млн теңгеден астам қаржыны жымқырғаны үшін сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстау көп бейінді облыстық ауруханасының бас есепшісі бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 5 жыл бойы бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Маңғыстау ауруханасының бас есепшісі 32 млн теңгеден астам қаржыны жымқырғаны үшін сотталды
Фото: Kazinform/ЖИ

Облыс прокуратурасының тексеруі нәтижесінде медициналық мекемеде 32 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталған.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен, яғни аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу мәліметінше, бас есепші танысымен алдын ала сөз байласып, бюджет қаражатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың есепшоттарына аударған. Кейін бұл қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Сотта айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденді. Бас есепшінің сыбайласына 7 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Еске салайық, мұның алдында Петропавлдағы №42 орта мектептің бухгалтері мен мұғалімі бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 7 және 8 жылға бас бостандығынан айырылғанын хабарлағанбыз.