Маңғыстау балықшылары балық қабылдайтын пунктінің жоқтығына шағымданды
АҚТАУ. KAZINFORM — Балық тапсыратын орын болмағандықтан олар өздеріне берілген лимитті игере алмай отыр. Әйтпесе теңізде балық көп.

Аймақта балық аулаумен айналысатын 200-ден астам бригада, онда 800-ге тарта адам еңбек етеді.
Балықшылардың басым бөлігі Түпқараған ауданында тұрады.
Бір бригадаға бір күнде 1 тонна кефаль аулауға рұқсат берілген. Бірақ олар сонша көлемде аулай алмай отыр. Себебі балықты тапсыратын пункт жоқ.
Әркім үйіндегі шағын мұздатқышқа сыйғанша ғана аулайды.

— Проблемамыз сол, бізге жағадан мұздатқыш камера салса деймін. Балық өңдейтін зауыт деп тұрған жоқпын. Әуелі қабылдайтын жер салып берсінші. Сол кезде балықшылардың бәрі өздері үшін соған әкеліп тапсырады, — дейді Форт-Шевченко қаласының тұрғыны, балықшы Мир Жолдыбаев.
Балықшылар ауланған және өңделген балыққа сусидия бөлуді сұрады. Сондай-ақ, кефаль мен шабақтан өзге де балықтарды аулауға рұқсат берсе дейді.
— Сазан, көксерке сияқты балықтарды аулауға рұқсат жоқ. Кейде ауға түседі. Ауда бір күн жатқасын өліп қалады. Біз оларға ауға түспе дей алмаймыз ғой. Шығарсақ жағада тексеріп, айыппұл салады. Сосын теңізге тастап кетеміз, — дейді балықшы Мир Жолдыбаев.

Маңғыстау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашевтың айтуынша, балықшылар — жеке кәсіпкерлер, сондықтан мемлекет олардың жұмысына араласа алмайды.
— 24 учаске 16 табиғат пайдаланушыға бекітілген. Балықшылар сол 16 субьектіге жұмысшы болып тіркелді. Арасында келісілген шарттары бар. Балықшылар аулаған балықты осы субьектілер қабылдауы қажет, — дейді басқарма басшысы.
Дегенмен балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашев Түпқараған ауданына барып, балықшылармен кездесіп, проблемаларын тыңдап-талқылайтынын жеткізді.
