Маңғыстау мұнайшылары кәсіподақтары Президентке үндеу жолдады
АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстау облысының бір топ мұнайшылары Мемлекет басшысының атына үндеу жариялады.

«Құрметті Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Президент әкімшілігі! Қазіргі таңда Маңғыстауда болып жатқан өзгерістерді көріп отырмыз. Біз, кәсіподақ мүшелері мен Президент әкімшілігі бірлесіп бұрыннан келе жатқан мәселелерді және сіз алдымызға қойған міндеттерді біртіндеп шешіп келеміз. Зұлым күштер бізді бір-бірімізге қарсы қоюға тырысқанымен олардың қолынан ештеңе келмейді. Өйткені біз сізбен біргеміз. Біз тек бірігіп қана мызғымас қамал бола аламыз. Ертең өсіп-өркендеген елде өмір сүру мақсатында ақылдасып, кеңесіп отырсақ, шешілмейтін мәселе жоқ деп есептейміз. Біз Президентімізді қолдаймыз», — дейді бұрғылау мекемесінің кәсіподақ төрағасы Ержан Құлатаев.
Мұнайшылар бүгін жолданған Президент Жолдауын да сөз етеді.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіз бүгін Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға, отандастарымыздың тұрмыс-тіршілігін жеңілдетуге бағытталған кезекті жолдауыңызды жарияладыңыз. Мұнайшылар қауымы осы уақытқа дейін де сіздің тарапыңыздан көрсетіліп жатқан тұрақты қолдауды сезініп келеді. Біз, Маңғыстаумұнайгаз мұнайшылары сіздің Маңғыстау өңіріне байланысты соңғы шешімдеріңіз бен тапсырмаларыңызды толық қолдаймыз. Әділетті Қазақстан орнату жұмысының аса қиындығын түсіне отырып, әрдайым сізбен бірге болатынымызға сендіреміз. Біз біргеміз! Бізге жасаған барлық істеріңіз үшін алғыс айтуға рұқсат етіңіз», — деп толықтырды Мемлекет басшысына үндеу жолдаушылар.
Осындай мәлімдемені Өзенмұнайгаз мұнайшылары да жасаған. Жұмысшылардың жергілікті кәсіподағы видеоүндеуді мұнай-газ кешені кәсіби мерекесімен құттықтаудан бастады.
«Ассалаумағалейкум қазақ елі. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлына және Президент аппаратына өңірде болып жатқан өзгерістер мен Жетібай ауылындағы мұнайшылардың жанайқайының ешқандай қантөгіссіз шешімін тапқанына алғыс айтамыз. Алдағы уақытта да бірлесіп, ақылдасып, кеңесіп отырсақ мәселелер орын-орнына келеді деп есептейміз. Әртүрлі саяси күштер бір-бірімізге қарсы айдап салуға тырысқанымен біздер оған жол бермейміз», — деді Өзенмұнайгаз жұмысшылары.
Желіде Маңғыстау облысында орналасқан Oil Construction Company құрылысшыларының видеосы да тарады.
«Бізге жасаған барша жақсылығыңыз үшін алғыс айтуға рұқсат етіңіз. Біз ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен біргеміз!», — деген Oil Construction Company еңбеккерлері.
Қаламқасмұнайгаз компаниясы ғимаратының алдына жиналған қызметкерлердің видеосы да әлеуметтік желіде жүр.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, бүгін сіз Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған кезекті жолдауыңызды жарияладыңыз. Бүгінгі жолдауда да халықтың көкейінде жатқан бірқатар сұрақтарды шешу жолы айқындалып отыр. Мұнайшы қауымы осы уақытқа дейін сіздің тарапыңыздан көрсетіліп жатқан тұрақты қолдауды сезініп келеді. Біз, мұнайшылар, сіздің Маңғыстау өңіріне байланысты соңғы шешімдеріңіз бен тапсырмаларыңызды толық қолдаймыз. Әділетті Қазақстанды орнату жұмысының аса қиындығын сезіне отырып, әрқашан сізбен бірге боламыз деп сендіреміз. Біз біргеміз!» — дейді үндеу авторлары.