Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары тағайындалды

АҚТАУ. KAZINFORM - Бүгін, 3 маусым күні өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай облыс активіне кандидатурасы ҚР Президенті Әкімшілігімен келісілген бірінші орынбасарын таныстырды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ербол Ізбергенов
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне Ербол Ізбергенов тағайындалды.

Ербол Күрентайұлы Ізбергенов 1973 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы инженер-құрылысшы. «Іскерлік басқару» магистрі.

Еңбек жолын 1991 жылы «Маңғыстаумұнайгазбарлау» кешенді экспедициясы құрылыс-жинақтау учаскесінің тас қалаушысы қызметінен бастаған.

Әр жылдары өңірлік деңгейдегі құрылыс мекемелерінде, Ақтау қаласы әкімдігінде еңбек етіп, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары, облыстық құрылыс басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.

Сондай-ақ, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде басқарма басшысы болып еңбек еткен.

2019-2020 жылдары «Ақтау теңіз порты» Арнайы экономикалық аймақ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, кейін «Атамекен» республикалық кәсіпкерлік палатасының директоры болды.

2020-2023 жылдары аралығында Ақтау қаласы әкімінің орынбасары және Ақтау қаласы әкімінің лауазымдарын атқарды.

Соңғы жаңалықтар