Маңғыстау облысы аумағын қанша аққу мекендейді
АСТАНА. KAZINFORM – Маңғыстау облысының аумағын маусым кезінде 50 мыңға жуық аққу құсы мекендейді. Бұл туралы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы хабарлады.

«Облыс аумағында аққудың үш түрі кездеседі, кіші аққу, сұңқылдақ аққу және сыбырлақ аққу. Кіші және сұңқылдақ аққу түрі еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген. Сыбырлақ аққулардың ең көп таралған түрі - 92%, сұңқылдақ аққу 7-8%, ал кіші аққу облыс аумағында сирек кездеседі. Аққулар Маңғыстау облысы аумағын тұрақты мекендемейді, солтүстік өңірлерде күн суығанда біздің аймаққа келіп қыстайды», - деп жауап берді Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы Kazinform агенттігінің арнайы сауалына.
Ақпаратта айтылғандай, аққулар Каспий теңізі жағалауы мен аралдар және Қаракөл көлін мекендейді.
«Облыс аумағына маусым кезінде шамамен 50 мыңға жуық аққу ұшып келеді», - дейді ведомстводан.
Бұған дейін Қаракөлде қырылып қалған 1 мыңнан астам аққудың өлексесі жойылғаны туралы хабарлаған едік.
Айта кетсек, аққулардың жаппай қырылуына қалдық судың төгілуі себеп болуы мүмкін деген болжам жасалды. Осы орайда сала маманы әрі тәуелсіз сарапшының пікірін біліп көрдік.