Маңғыстау облысына 250 медицина маманы жетіспейді
АҚТАУ. KAZINFORM – Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров мәлімдеді.

Оның айтуынша, аймақта шамамен 250 дәрігер жетіспейді.
Ең көп қажет мамандар - терапевт, педиатр, хирург, акушер-гинеколог, анестезиолог және гематолог.
- Мәселені шешу үшін өткен жылдан бастап, көтермеақы мөлшері ұлғайтылған. Қазіргі уақытта Маңғыстауға көшіп келген дәрігерлерге қаржылай қолдау көрсетіледі. Қалада жұмыс істесе - 3 миллион теңге, ауданға барса - 5 миллион теңге, ауылдық жерде еңбек етсе - 8,5 миллион теңге беріледі, - дейді басқарма басшысы.
Биыл осындай төлемдерді 60 дәрігер алған. Енді жыл соңына дейін мамандар үшін 50 пәтер сатып алу жоспарланып отыр.
- Бұл шара нәтиже беріп жатыр. Қаржылай қолдау - қазіргі уақытта басты ынталандырушы фактор, - деді Бекболат Ізбасаров.
Бұған дейін, Маңғыстауда мұнай қалдықтарын жерге төккен компанияға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілетіні туралы жазған болатынбыз.