Маңғыстау облысында екі өткізу пункті жаңғыртылып жатыр: транзит көлемі артпақ
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысында «Тәжен» және «Темір баба» шекаралық өткізу пункттері жаңғыртылуда, деп хабарлайды Қаржы министрлігі.

«Темір баба» өткізу пункті – Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы жалғыз автомобиль шекара өткелі. Бұл нысан Түрікменстан арқылы Түркия, Пәкістан, Ауғанстан, БАӘ сынды елдерге шығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, осы бағытпен Түркиядан халық тұтынатын тауарлар мен мұнай-газ саласына арналған жабдықтар, ал Түрікменстан мен Пәкістаннан көкөністер мен жемістер жеткізіледі.
«Тәжен» өткізу пункті – Қазақстан-Өзбекстан шекарасында орналасқан және батыс аймақтағы жалғыз автомобиль өткелі саналады. Бұл нысан арқылы негізінен Ресей мен Еуропаға транзиттік жүктер өткізіледі (90%). Сонымен қатар, Өзбекстаннан Ресейге еңбек мигранттарының негізгі көші осы аумақ арқылы өтеді.
Қазіргі таңда екі бекетте қозғалыс жолақтарын кеңейту, заманауи инспекциялық-тексеру кешендерін орнату, автоматты салмақ өлшеу құрылғылары мен цифрлы бақылау жүйелерін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Жаңғыртуға қарамастан өткізу пункттері штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
– Бұл жобалар толық аяқталғанға дейін тұрақты бақылауда болады, – деді Қаржы министрлігінің аппарат басшысы Эрнар Ержанов.
Көшпелі кеңестің қорытындысы бойынша жаңғырту жұмыстарын жеделдету, қызметкерлер мен техниканың санын арттыру жөнінде тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар, анықталған кемшіліктерге байланысты «Тәжен» және «Темір баба» кеден бекеттерінің басшыларын тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралуда.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстан шекара бекетіндегі ахуал қалай екенін жазғанбыз.