Маңғыстау облысында қасқырдың үйірі видеоға түсіп қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстау облысы Құлаалы аралында түсірілген қасқырлар үйірінің видеосы әлеуметтік желілерде кең тарады. Желі қолданушылары назарын аударған бейнежазбаға байланысты эколог маман түсініктеме берді.

қасқыр
Фото: Видеодан скрин

Таратылған видеода қасқырлардың иттермен арпалысып жатқаны анық байқалады.

Lada порталы мәлім еткендей, ECOJER қауымдастығы жанындағы өңірлік экологиялық кеңестің төрағасы Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, қасқырлар бұл аралдарда ондаған жылдар бойы тіршілік етеді. Олар көбіне жағалауға толқын әкелген итбалықтардың өлекселерімен қоректенеді. Кей жағдайларда тірі теңіз итбалығын аулап алу да мүмкін. Сонымен қатар олардың рационына балық, су құстары және құс жұмыртқалары кіреді.

Маманның сөзінше, ерекше суық қыс мезгілінде теңіз мұз қабатымен жабылған кезде қасқырлар материкке өтіп кетуі ықтимал. Басқа маусымдарда бұл сирек кездеседі, алайда соңғы жылдардағы теңіз деңгейінің төмендеуіне байланысты мұндай жағдайды толық жоққа шығаруға болмайды.

Эколог тұрғындарға қауіпсіздік шараларын да ескертті.

— Қасқырмен бетпе-бет келген жағдайда жануарға жақындамау, тамақ ұсынбау немесе байланыс орнатуға тырыспау қажет, — деді ол.

Осыдан бұрын ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев ШҚО аумағында аю, қасқыр және қабан санының артуына қатысты түсінік берді.

Соңғы жаңалықтар