Маңғыстау облысында көлік жүксалғышынан 136 келі бекіре табылды
АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстау облысында полиция Chevrolet Cobalt көлігін тексеру кезінде 136 келіден астам бекіре тұқымдас балық тәркіледі.
Оқиға 5 қазанда Қарақия ауданында болған. Полиция қызметкерлері басқа да құқық қорғау және уәкілетті органдар өкілдерімен бірлесіп, көлікті тоқтатқан.
Жүксалғышты тексеру кезінде бекіре тұқымдас балыққа ұқсас 22 дана балық табылған. Олардың жалпы салмағы 136,15 келі болды.
Полицияның мәліметінше, балық көлікте отырған 55 жастағы әйел жолаушыға тиесілі болған.
— Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір тәркіленген балықтың қайдан шыққаны және оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, — деп хабарлады полиция.
Полиция сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлерін заңсыз аулау, сатып алу, сақтау, тасымалдау және өткізу қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында заңсыз ауланған 260 келіден астам балық тәркіленгенін хабарлаған едік.