Маңғыстау облысында заңсыз қиыршық тас өндіретін карьерлерге шектеу енгізіледі

АҚТАУ. KAZINFORM – Бірнеше жылдар бойы Шетпелік тұрғындар ауыл маңындағы карьердегі жарылыс жұмыстарының дүмпуінен, шаң-тозаңнан және ауыр көліктердің қозғалысынан туындайтын экологиялық, материалдық мәселелерге шағымданып келеді.

қиыршық тас
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы биылғы жартыжылдықта карьерлердің жұмысын бақылау мақсатында арнайы сынама жүргізді. Тексеру барысында 16 нүктеден алынған 66 сынаманың барлығы экологиялық нормаларға сәйкес келген.

Сонымен қатар, басқарма тарапынан 2023–2024 жылдар аралығында Шетпе ауылы маңындағы қиыршық тас өндіретін кешендерге жоспарлы мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде, келісімшарттық міндеттемелерін орындамаған 7 карьер мен экологиялық заңнама талаптарын бұзған 11 карьер анықталды.

Аталған кәсіпорындарға 2025 жылғы шілде айында ресми ескерту хаттары жолданып, үш ай ішінде анықталған бұзушылықтарды жою талабы қойылды. Заң талабына сәйкес үш ай мерзім ішінде жер қойнауын пайдаланушылар келісімшарттың және лицензияның бұзылған талаптарын қалпына келтірмеген жағдайда, жер қойнауын пайдалануға берілген лицензиялар қайтарылып, келісімшарттары біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатылатын болады

қиыршық тас
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекеновтің айтуынша, заң бұзушылық жойылмаған жағдайда кәсіпорындар лицензиясынан айырылады.

- Шетпе ауылы маңындағы карьерлердің қызметін тұрақты бақылау мақсатында Маңғыстау облысы әкімінің өкімімен арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына құқық қорғау органдары, уәкілетті мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар кіреді. Бұл жұмыс тобы жер қойнауын пайдаланушылардың қызметінің заң талаптарына сай болуын қадағалайтын болады. Егер бұзушылықтар жойылмаса, тиісті шаралар қабылданып, заңға сәйкес карьерлерге шектеулер енгізіледі, - деді Сәбит Дүйсекенов.

Қазіргі таңда ауыл аумағында барлығы 25 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Оның ішінде 20 кәсіпорын келісімшарт негізінде, ал 5 кәсіпорын лицензия негізінде жұмыс істеп жатыр.
Осы көрсетілген жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан заңсыз өндіру жұмыстарын жүргізгендігі анықталған жағдайда 110 000 000 тг айыппұл өндіріледі деп жоспарлануда.

Айта кетейік, Маңғыстау облысындағы ауылдардың бірінде ауыз суға шектеу енгізілді.

Соңғы жаңалықтар