Маңғыстау облысында жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы жалғасып жатыр
АҚТАУ. KAZINFORM — ҚР Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов Жаңаөзен қаласындағы жаңа газ өңдеу зауытының құрылыс алаңын аралап, құрылыс-монтаж жұмыстарының барысымен танысты. Бүл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Іске қосу кешені №1 аясында негізгі іргетастар бойынша бетондау жұмыстары аяқталып, сыртқы инженерлік желілерді жүргізуді және автотұрақ аумағын асфальттауды қоса алғанда, жер жұмыстарының толық кешені орындалды. Басты төмендету қосалқы станциясында жерге тұйықтау жүйесінің бірінші кезеңі аяқталып, уақытша электрмен жабдықтау қосылды, автокөлік таразылары орнатылып, уақытша қойма жабдықталды.

Сонымен қатар, негізгі технологиялық аймақтағы нысандарда – әкімшілік-тұрмыстық кешенде, оператор бөлмесінде, қоймаларда және өрт сөндіру бекетінде – жер қазу және бетондау жұмыстары басталды. Алаңды жоспарлау, топырақты тегістеу және нығыздау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Инспекция қорытындысы бойынша Әлібек Жамауов жобаны сапа стандарттарына сай және белгіленген мерзімде жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл зауыт Маңғыстау облысының ғана емес, жалпы елдің газ саласын орнықты дамыту жолындағы стратегиялық маңызы бар нысан екенін айтты.
Еске сала кетейік, бұған дейін зауыттың трансформаторлар қойылатын іргетасқа бетон құю жұмыстары аяқталғаны, құм төгу жұмыстары жүргізілгені айтылды. Сонымен қатар 110 кВ болатын желілік портал, блок-модульдік ғимарат және май қабылдау бойынша жұмыс бітті. Сонымен қатар жерге тұйықтау контурды монтаждау аяқталды. Зауыт алаңын дайындау мерзімнен бұрын, яғни 2025 жылғы 28 мамырда басталып кетті.