Маңғыстау облысының экс-әкімі Нұрлан Ноғаев несімен есте қалды

Нұрлан Ноғаев
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

АҚТАУ. KAZINFORM – Күні кеше Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысының әкімі лауазымынан босатылды.  Ол әкім болған 2 жыл 8 айда Қаңтар оқиғасы, еңбек даулары мен Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында апатты жағдайлар болды. 

Ноғаев Маңғыстауға әкім болып тағайындалғаннан кейін үш ай өткен соң облыста наразылық басталды. Тұрғындар сұйытылған газдың қымбаттауына қарсы шықты. Жаңаөзен қаласында басталған митинг бүкіл облысты қамтыды. Өзге өңірлердегі тәртіпсіздіктерге ұласты. Алайда Қазақстанның басқа өңірлерінен айырмашылығы – Маңғыстауда өлім-жітім тіркелмеді, нысандарға шабуыл жасалған жоқ. Наразылық білдірген тұрғындармен келіссөз бірнеше күнге созылды. 

Қаңтар
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Облысты Нұрлан Ноғаев басқарған кездегі алдыңғы қатарлы жаңалықтың бірі – Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты әкімдіктің балансына өткізілді. Бұл маңызды және дер кезінде қабылданған шешім болды. Өйткені, кәсіпорында апатты оқиғалар жиілеп кеткен-ді. Осы кезде жергілікті билік ақша бөліп, кәсіпорын мен инженерлік желілерді жаңғырту басталды.

Маңғыстау облысы
Фото: maek.kz

Аймақтағы өзекті мәселелердің бірі – ауыз су тапшылығы болса, Ноғаев әкім болған кезінде осы бағытта 9 жоба қолға алынды. Жалпы қуаттылығы тәулігіне 286 мың текше метр су болатын бұл жобаларды жүзеге асыру әлі де кезең-кезеңімен жүріп жатыр.

Бұрыннан халықпен кездесуден қалыс қалмайтын шенеунік ретінде белгілі Нұрлан Ноғаев облыстың барлық ауданын бірнеше рет аралап, 120-дан астам кездесу өткізген. Тұрғындар әкімнің сол кездесулердің барлығында 5-6 сағаттан отырып, соңғы сұраққа дейін жауап беретінін байқады. 

Нұрлан Ноғаевтың Маңғыстауға келгендегі алғашқы бұйрығының бірі – тұрғындар үшін Telegram чатын құру болған. Онда өзінің орынбасарларынан бастап, коммуналдық кәсіпорындардың басшылары тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп отырды.

Сондай-ақ бұл әкімнің тұсында облыста автобус паркі жаңартылды. 3 жылдың ішінде Маңғыстауда 178 жаңа автобус пайда болды, оның 120-сы метанмен жүреді. Облыс орталығынан аудан-қалаларға қоғамдық көліктер қатынай бастады.

Маңғыстауда заңсыз құрылыстарды тоқтату жұмыстары да қолға алынды. Былтыр сот арқылы 5 ғимарат бұзылды. Сонымен қатар кейінгі үш жылға жуық уақыт ішінде 3 млн гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Айта кетсек, Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысының әкімі болып Серікбай Трұмовтың орнына келген еді. Бүгін бұл лауазымға Нұрдәулет Қилыбай тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар