Маңғыстау шаруалары 98% жем-шөппен қамтылған

Маңғыстау
Фото: Александр Павский/Kazinform

Маңғыстау облысында ауа райы жаңбырлы болып, жеткілікті көлемде шөп жиналды. Бұл туралы өңір әкімі Нұрлан Ноғаев елордадағы есеп беру брифингінде айтты, деп хабарлайды Kazinform. 

«Мал азығын қамтамасыз ету бойынша қазіргі таңда жеммен және шөппен 99 және 98 пайыз қамтамасыз етілген. Оның үстіне биыл ауа райы жаңбырлы болып, шөп жеткілікті жиналды, қазір малымыз күйлі. Агроөнеркәсіп кешенін қолдау үшін барлығы 2,9 млрд теңге қаражат бөлінген еді. Соның ішінде 1,7 млрд теңгесі мал шаруашылығын дамытуға бағытталды», - деді Н.Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Әкімнің айтуынша, 1,5 млрд теңге субсидия төленд. Соның ішінде 730 ауыл шаруашылық субъектілеріне мал басын көбейтуге қаражат төленген.

«Мал шаруашылығын дамытудағы маңызды мәселе – ветеринария саласы, мал басының амандығы. Осы салаларды материалдық-техникалық базамен жабдықтауға қажетті планшеттер, өздеріне жүктелген міндетті сапалы орындауына және жүріп-тұруына қажетті 47 Нива көлігі және өлекселерді өртейтін 2 КамАЗ жыл соңына дейін келеді. Мұның бәрі демеушілер есебінен қамтылады. Осылайша, ветеринарлық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жабдықтау 80 пайызға жетеді. Диагностикалық және вакциналау шараларының сапасын арттырып, қажетті шараларды уақытылы қабылдауға бұл да үлкен септігін тигізеді», - деді Н.Ноғаев.

Сонымен бірге халықтың әл-ауқатын арттыру үшін өңірде 1,2 млрд теңгеге «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Қазір 1 млрд 200 млн теңгеге 165 жоба мақұлданды. Мал шаруашылығында – 111, өсімдік шаруашылығында – 6, басқаларында 48 жобаны жүзеге асыруды жоспарланған.

Айта кетейік, Маңғыстау облысында тәжірибе түрінде 2 мың түп зәйтүн ағашы егілді. Оң нәтиже байқалса, кәсіпкерлер 10 мың гектарға дейін зәйтүн егіп, оның майын кәсіп етуді жоспарлап отыр.

 

Соңғы жаңалықтар