Маңғыстауда 17 лауазымды тұлға жауапқа тартылды
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысының прокуратурасы кәсіпкерлік саласына мемлекеттік бақылау жүргізу барысындағы заңдылықтардың сақталуына талдау жүргізіп, заңсыздықтарды анықтаған.

Атап айтқанда, әртүрлі уәкілетті органдардың лауазымды тұлғалары тарапынан тексерулерді негізсіз тағайындау және кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу бойынша 17 құқық бұзушылық фактілері тіркелді.
- Қабылданған шаралардың нәтижесінде 17 лауазымды тұлға ӘҚБтК-нің 173 және 175-баптары бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Ақтау қаласында, сондай-ақ Маңғыстау, Мұнайлы, Қарақия, Түпқараған және Бейнеу аудандарында заңсыз тексерулер, қызметтер үшін төлем жасаудан негізсіз бас тарту, негізсіз талап арыздар беру, құжаттарды заңсыз алу және тексерулерді тіркеу тәртібін бұзу фактілері анықталды, - делінген хабарламада.
Осыдан кейін қадағалаушы орган кәсіпкерлерді құқықтары бұзылған жағдайда, Маңғыстау облысының прокуратурасына жүгінуге шақырды.
Бұған дейін Маңғыстауда мұнай-газ компаниясының басшылары 261 млн теңге жымқырғаны үшін сотталған болатын.