Маңғыстауда 3 жасар бүлдіршін балабақшада ауыр жарақат алды
АҚТАУ. KAZINFORM — Оқиға Ақшұқыр ауылындағы жекеменшік балабақшада болған. Бүлдіршіннің бір саусағының тырнағы жұлынып қалып, зардап шеккен.
 
                                              — Шамамен сағат 11:30–да тәрбиеші хабарласып, баланың қолын стақанмен кесіп алғанын айтты. Мен келгенде, саусағын шкафтың есігі қысып қалғаны белгілі болды. Тырнағы толықтай жұлынған, саусағы қатты қанап тұрды, — дейді баланың анасы.
Ата-ананың айтуынша, тәрбиеші балаға алғашқы медициналық көмек көрсетпеген және жедел жәрдем шақырмаған.
— Біз баланы өзіміз облыстық балалар ауруханасына апардық. Дәрігер жағдайдың ауыр екенін айтты. Сүйекті жабу үшін баланың білегінен тері алуға тура келді. Ота жасалмаса, саусақ жарамсыз болып қалуы мүмкін еді, — дейді баланың анасы.
Осы оқиғаға байланысты полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Ал, Маңғыстау облыстық білім басқармасы оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын хабарлады.
Бұған дейін, Ақтау қаласының прокуроры мас күйінде тәртіп бұзғаны үшін ұсталғаны туралы жазған болатынбыз.