Маңғыстауда «Әминиада-2023» республикалық жарысының жеңімпаздары марапатталды

Ақтауда  Әмин Елемесұлы Тұяқовтың құрметіне орай биыл XIV рет 2006-2007 және 2009-2010 жылдары туған жасөспірімдер арасында жеңіл атлетикадан «Әминиада-2023» республикалық жарысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Маңғыстауда «Әминиада-2023» республикалық жарысының жеңімпаздары марапатталды
Фото: Маңғыстау облыстық спорт басқармасы

Турнирге Әмин Тұяқовтың өзі арнайы келді. Жарысқа Орал, Ақтөбе, Жаңаөзен, Ақтау қаласынан және Түпқараған, Қарақия, Мұнайлы, Бейнеу, Маңғыстау ауданынан барлығы 12 командадан 192 адам қатысты.

«Жарыстың қорытындысы бойынша 200 метр қашықтыққа жүгіруден қыздар арасында 1-орынды Ақтілек Қонысбай, 2-орынды Ангелина Кузьмичева, 3-орынды Дениз Асланова, ұлдар арасында 1-орынды Арсен Алибеков, 2-орынды Артём Кушнарёв, 3-орынды Роман Ибрагимұлы иеленсе, 800 метр қашықтыққа жүгіруден қыздар арасында 1-орынды Софья Пашкова, 2-орынды Полина Горбатникова, 3-орынды Таисия Лоскутова, ұлдар арасында 1-орынды Наби Орынбасар, 2-орынды Расул Шораханов, 3-орынды Данияр Турсынов иеленді. Сондай-ақ 1500 метр қашықтыққа жүгіруден қыздар арасында Софья Пашкова жеңіс тұғырының бірінші сатысынан көрінсе, Нурай Азимуратова екінші сатыға, Диана Салмина үшінші сатыға көтерілді. Ал ұлдар арасында жүлдегерлер қатарынан Наби Орынбасар, Расул Шораханов, Данияр Тұрсынов көрінді», - деп мәлім етті Маңғыстау облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, Әмин Тұяқов – КСРО еңбек сіңірген спорт шебері. Ол 10 жыл бойы жеңіл атлетикадан КСРО құрама командасының құрамында өнер көрсеткен. Сонымен қатар КСРО чемпионаттарында 6 рет чемпион, 10 рет жүлдегер атанған. 14 рет КСРО Қарулы Күштерінің чемпионы атағын алды.

ХХ ғасырдың ең мықты спортшыларының ондығына кірді. Дүбірлі дода танымал тұлғаның есімін әйгілеу әрі өскелең өрендерге өсиет ету мақсатында 2009 жылдан бері үзбей өткізіліп келеді.

Соңғы жаңалықтар