Маңғыстауда анасының атына жер рәсімдеген ауыл әкімі айыппұл төледі
АҚТАУ. KAZINFORM – Әкімшілік іс Бейнеу аудандық сотында қаралды. Бұл туралы аудандық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Сот анықтамасына сәйкес, Бейнеу ауылының әкімі Нұржан Кенбаев ауыл ішінен тұрғын үй салуға арналған жер телімін өзінің анасының атына рәсімдеген. Бірақ бұл әрекеті туралы тікелей басшысына жазбаша түрде ескертпеген.
- Заңға сәйкес, мемлекеттік қызметкер туысқан адамдарға қатысты шешім қабылдайтын жағдайда, бұл туралы өз басшылығын алдын ала хабардар етуі тиіс. Бұл талап сақталмағандықтан, әкімнің әрекеті заңбұзушылық болып танылды, - делінген хабарламада.
Сотта әкім өз кінәсін мойындап, отбасының қаржылық жағдайын алға тартып, айыппұл көлемін азайтуды сұраған. Бірақ сот жеңілдететін мән-жайларды анықтамаған.
- Сот шешімімен Нұржан Кенбаев ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 680-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 393 200 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Шешім заңды күшіне енді, - дейді Бейнеу аудандық сотының баспасөз қызметі.
Бұған дейін Маңғыстауда экологиялық заң талаптарын бұзған 11 карьердің анықталғаны туралы жазған болатынбыз.