Маңғыстауда асыл тұқымды 40 ешкіні қаңғыбас иттер қырып кетті
АҚТАУ. KAZINFORM – Кәсіпкер түліктерді несиеге алған. Батыр ауылының тұрғыны, бірнеше жылдан бері асыл тұқымды ешкі шаруашылығын дөңгелетіп отырған кәсіпкер бір түнде қыруар шығынға ұшырады. Құны қымбат, 40-қа жуық ешкісін қаңғыбас иттер тамақтап кеткен.

– Бәрін тек мойнынан тістеп, қырып кете берген. Ешқайсысын жемеген. Ішінде бір ешкімнің қарнын жарған. Қалғанының бәрінің тек мойнынан тістеп кеткен. Осы ешкілерді «Нұр Капитал» бағдарламасымен, 15 ешкіні 400 мыңнан 6 миллион теңгеге алдырғанмын. Әлі 7 ай төлейтін қарызым бар, - дейді шаруашылық иесі Құмар Нұрпейісова.
Мал иесі оқиға болған күнді қорқынышпен еске алады. 29-шілде күні таңғы сағат 6 шамасында қораға келсе, қырық ешкінің қырылып қалғанын көреді. Құмар Нұрпейісова 5 бұралқы иттің ауыл ішіне қарай қашқанын байқап, соңынан қуған. Бірақ жете алмаған.

Қырылған ешкілердің ішінде асыл тұқымды жануарлар арасындағы көрмеде жүлделі болған төлдер де бар екен. Құны қымбат ешкінің, нарықтағы бағасы 400 мың теңгеден басталады. Демек, 40 бас ешкі шамамен – 15 миллион теңге тұрады. Ешкілер күніне кем дегенде 50-60 литр сүт беретін. Шығынға ұшыраған кәсіпкер енді не істерін білмей отыр. Өйткені шаруашылықты қолға алған кезде несие алған.
– Осы шаруашылықпен айналысып жатқаныма 10 жыл болды. Бүкіл Ақтауды, Мұнайлыны, ауырып жатқан кісілерді, кішкентай балаларды, түгел қамтамасыз етіп отырдық. Құрт, ірімшік, үлкен кісілерге қаймағын тасып отырғанмын. Бір отбасының 9 адамын асырап отырған ешкілер еді. Енді маған тым болмағанда жартысының құнын өтеуге болса да көмектессе, тағы ешкі алып, кәсіпті жалғастырар едім, - дейді кәсіпкер.

Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Бекболат Қабатбаевтың айтуынша, шығынға ұшыраған кәсіпкердің «Бір ауыл-бір өнім» жобасына қатысып, 5 миллион теңге грант ұтуына мүмкіндігі бар екен.
– Ауыл шаруашылық бөлімі тарапынан және Батыр ауылдық округі мамандары және ветеринарлық станция бөлімі тарапынан АКТ жасақталып, тиісті басқармаларға хат жолданды. Қазіргі таңда нәтижесін күтудеміз. Аталған кәсіпкерлікті, шаруа қожалықты қолдау мақсатында облысымызда «Бір ауыл-бір өнім» бағдарламасы аясында берілетін 5 млн грантқа, яғни жергілікті тауар өндірушілерге арналған кәсіпкерді қолдау мақсатында, сол жобаға қатысуға ықпал жасап жатырмыз, - дейді Бекболат Қабатбаев.
Еске сала кетейік, бұған дейін бұралқы иттерге қатысты БҚО ветеринария басқармасының бас маманы мен Орал қалалық ветеринариялық станциясының директоры Ерлан Ищановтың және тағы да басқа мамандардың пікірін жариялаған болатынбыз.
Сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елді мекендерде бұралқы иттердің көбеюі тұрғындарға қауіп төндіріп жатқанын айтқан еді. Сонымен қатар «Animal Law ПЮК «KazBar» комитетінің басшысы Ольга Ченцова бұралқы иттерді ату проблеманы шешпейтінін жеткізді.