Маңғыстауда әскери теңізшілер біліктілігін шыңдады
Маңғыстау облысында әскери теңізшілер оқу-жаттығу барысында біліктілігін шыңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бөлісу:
Фото: Өңірлік коммуникация орталығы
Оқу-жаттығу кезінде әскери теңізшілер өрт пен әуе нысанынан қауіп төнген жағдайда қандай іс-шара қолдану керегін пысықтады. Сонымен қатар жау атқан оқ салдарынан өрт шыққан жағдайда әскери қызметшілер сақадай сай тұруы қажет екені түсіндірілді.
«Орал» зымыран-артиллериялық кеме командирі, 3-дәрежелі капитан Шахрух Абдуразаковтың айтуынша, шабуыл жасаушылар кез келген қауіпті іске дайын. Олар ұшақ, тікұшақ, ұшқысыз ұшу аппаратымен де оқ жаудырып, қауіп төндіру мүмкін. Сол себепті оқу-жаттығу барысында әскери теңізшілер 120 метр биіктікке дейін көтерілген арнайы қызыл шарды жаудан келген әуе нысаны ретінде санап, оны колибрі 30 миллиметр артиллериялық қондырғымен жою арқылы біліктілігін шыңдады.
«Бүгін Каспий теңізіне шығып дивизионымыздың ұрысқа сақадай сай екенін көрдік. Дивизиондағы кемелер жиі теңізге шығып, оқу-жаттығу әдістерін әрі қарай пысықтайды. Өздеріңіз байқағандай, әрбір матрос, офицер, старшина өз жұмысын, өз міндетін жіті біледі. Айта кету керек, Каспий өңіріндегі экономикалық жағдай, халықтың жағдайын қорғау – әскери теңізшілердің басты міндеті», - деді Жұмабек Хасенов.
Бүгінде Каспий теңізінің маңын қорғауға атсалысып жүрген әскери теңізшілердің саны 1000-нан асады.