Маңғыстауда астан уланған оқушылардың ісіне қатысты сотта тың деректер шықты
АҚТАУ. KAZINFORM — Мұнайлы аудандық сотында 460 оқушы жаппай астан уланған қылмыстық іске қатысты сот отырысы басталды. Сот ашық түрде өтіп жатыр. Басты айыпталушы — асхана меңгерушісі, жеке кәсіпкер Дәметкен Шәкенова.

Соттың алғашқы отырысында асхана меңгерушісіне қатысты айыптаулар оқылды.
Прокурордың мәліметінше, мектеп асханасында күнделікті тазалық жұмыстары жүргізілмеген. Жұмысшылар жеке гигиена сақтамаған. Антисанитарияның салдарынан шыбын-шіркей қаптап кеткен. Сондай-ақ, тағамдарды сақтау талаптары орындалмаған. Ал балалар жеп, уланған картоп езбесі бір күн бұрын пісіріліпті. Сараптама қортындысы бойынша аспазда, екі наубайшыда және басқа да ас үй қызметкерлерінде стафилококк анықталған.

Қылмыстық іс бойынша 395 баланың ата-анасы жәбірленуші болып тіркелген. Бүгінгі сот отырысында сол ата-аналар болған жәйтті баяндады. Одан кейін 50 куәгерден жауап алынады. Сондықтан қылмыстық істің нүктесі қашан қойылары белгісіз.

Еске салайын, оқиға былтыр 6 қыркүйекте Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылында болды. Мектеп асханасында тамақтанғаннан оқушылар өздерін жәйсіз сезініп, дәрігердің көмегіне жүгінген. Жалпы саны 460 оқушы ауырып, ауруханаға жатқызылды. Балалардың бәріне «астан улану» диагнозы қойылды.
Маңғыстауда алпысқа жуық оқушы астан уланды.
Кейін уланған оқушылардың саны 67-ге жетті.
Оқушылардың жаппай улануы: асхана ыдыс жуушысы дизентерия тасымалдаушы болып шықты.