Маңғыстауда ата-ана қамқорлығынсыз қалған бес баланы бір отбасы асырап алды
АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтаулық ерлі-зайыптылар Бисенбек Ырысжанов пен Ләззат Абдашова ата-ана қамқарлығынсыз қалған бір үйдің 5 баласын түгелдей асырып алған. Олар тіпті, мемлекеттен берілетін қаржылай көмектен бас тартқан. Өз балалары бола тұра, ағайындыларды қамқорлығына алуына не себеп болды? Kazіnform тілшісі отанасымен тілдесіп, бір күнде құрылған көпбалалы отбасының тыныс-тіршілігімен танысты.
Бисенбек Ырысжанов пен Ләззат Абдашова 2008 жылы отау құрып, үш жылдан кейін ғана балалы болған. Содан кейін 8 жылдан кейін екінші перзенті өмірге келіпті. Балалы болуды армандап, ұзақ жыл күткенде ерлі-зайыптылар бала асырап алуды ойлап, кезекке тұрған.
- 2008 жылы отау құрып, 2011 жылы қызымызды дүниеге әкелдім. Содан арада жылдар өтіп жатты. Бірақ тағы да балалы болу арманымыз орындалмай жүрді. Менде «енді балалы бола алмаймыз» деген қорқыныш болды. Сөйтіп, жолдасым екеуміз ақылдаса келе, бала асырап алуға шешім қабылдап, 2013 жылы арнайы порталға тіркелдік. Күні-түні порталдан бала қараймыз. Ол кезде қызымыз 2 жаста болған соң, одан жасы кіші сәби асырап алуды ойлап жүрдік. Бірақ біз таңдаған нәрестелердің жағдайы асырап алуға сәйкес келмей жатты. Осылай жүріп уақыттың қалай өткенін білмей қалдық. Арада 8 жыл өткенде, Алла бізге екінші перзентімізді берді. Содан бала асырап аламыз деген мақсатымыз кейінге қалып қойды. Одан кейін, тағы да ұлды болып, үш баланың ата-анасы атандық, - дейді Ләззат Абдашова.
Ырысжановтар әулеті жуырда әлеуметтік желі арқылы қиын жағдайға тап болған ағайынды бес баланы көріп, балалардың таңдырына алаңдап, бірден асырап алуға шешім қабылдаған.

- 2013 жылы бала асырап алуға шешім қабылдаған сәттен бастап, қызымызды сол жағдайға дайындадық. «Балалар үйінде сен секілді кішкентай бөпелер бар. Олар жалғыз ұйықтауға қорқады. Оларға ата-ана керек. Сондықтан біз үйге әкеліп, қамқор болуымыз керек» деп, қызымның басқа балаларға деген көзқарасын жақсы жаққа бұрып, жүрегін ашып қойдым. Одан кейін өзіміз балалы болсақ та, бала асырап алу ниетіміз өзгеріссіз қалды. Жақында осы балалар туралы WhatsApp желісінен келген хабарламаны оқып, бірден қалалық білім бөліміне жүгірдім. Олар бес баланың ағайынды екенін айтып, оларды бір-бірінен айыруға болмайынын айтты. Барлығын бірге асырап алуға ұсыныс тастады. Өзім о бастан көпбалалы ана болуды армандайтынмын. Бірден аламын деп келістім. Жолдасым да бұл шешімімді құптады. Сөйтіп, бас аяғы 3-4 күнде құжаттарымызды жинап, балаларды үйімізге алып кеттік. Бұл жерде бізге бірнеше жыл бойы бала асырап алу порталында кезекте тұрғанымыз да көмек болды. Екіншіден, балалардың екіншісі Жансұлудың 4 желтоқсан туған күні екен, сол туған күнінде ата-ана сыйлайыншы деген мақсатым мені құжатты екі есе жылдамдықпен жинауға итермеледі. Сосын бізге қамқоршы немесе потранат болуға таңдау берілді. Біз потранаттықтан бас тарттық. Себебі ол кезде келісімшартты жыл сайын жаңартып отыру керек. Ол маған көп жұмыс секілді көрінді, бір жағынан балаларыма да ыңғайсыздық тудырмас үшін қамқоршы болуды таңдадық. Барлық мемлекеттен берілетін қаржылай көмектен бас тарттық. Тек балаларға берілетін міндетті жәрдемақыны қалдырдық. Сол жерден әрқайсысына жеке-жеке депозит аштық. Ол жәрдем ақы енді ай сайын депозиттеріне түсіп отырады, - дейді отанасы.
Ағайынды бесеудің үлкені - 15 жастағы ер бала, 10 сыныпта оқиды. Одан кейінгі 12 жаста Жансұлу есімді қыз бала. Қалғандары 10, 7 және 4 жастағы ұлдар. Балалар бұған дейін Құрық ауылында мектеп интернатта оқыған. Оқу жылы аяқталған соң, Ақтау қаласындағы оңалту орталығына көшірілген. Жуырда сот шешімімен облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылына ауыстырылыпты. Балалардың әкесі ауыр жағдайда ал, анасы істі болып, қамауға алынған.
- Аналары шығып келген соң, егер балаларын өзіне қайта алғысы келсе қарсылығым жоқ. Ол енді өзара мәмілеге байланысты бола жатар. Жалпы маған ол жағы маңызды емес болды. Ең маңыздысы – осы балапандардың болашағының жарқын болуы, балалық шақтарының бақытты өтуіне үлес қоса алсақ, соның өзі жетіп жатыр. Басқа артық ойымыз жоқ. Балаларды алғаш көргенімде, қатты жаным ашығаны рас. Олардың өмір көргені көздерінен көрініп тұрды. Ерте есейген. Оларға ата-ана қамқорлығы жетпей тұрғанын сездім. Әсіресе, Жансұлу ұяң, бауырларына қамқор, өте сезімтал. Кемшіліктерін де көрсеткісі келмейді. «Ақшаңызды құртпай-ақ қойыңыз, сабағымды өзім оқып аламын» деп, жауапкершілікті өзіне алып жатыр. Айналамдағы адамдар тарапынан сұрақтар өте көп. Бірақ ол сұрақтар мені мазаламайды. Бұл балаларды тегінен ешқашан айырмаймын. Керісінше ата тегін біліп өскенін қалаймын, - дейді Ләззат.
Балалар да жаңа отбасына күн өткен сайын үйренісіп келеді. Мейірімін төккен ата-ананы бірден «әке-ана» деп атаған. Өзінен үлкен ағасы болатынын естіген Ләззаттың тұңғыш қызы да үйге келген жаңа бауырларына сыйлықтар алып, үлкен қуанышпен қарсы алыпты. Кішкентайынан ата-анасының айтқан сөздері құлағында жатталып қалғаны соншалық, балаларды жатырқамай бауырмалдылық танытқан. Бір күнде көпбалалы отбасына айналған отбасының отағасы Бисенбек баспанасын кеңейтіп, жаңа пәтер де сатып алған.
- Балаларымыз үйге келген соң, әрқайсысының жеке бөлмесі болсын деп, үйіміздің үстінде, жоғары қабаттағы 4 бөлмелі пәтерді сатып алдық. Алдағы уақытта екеуін қосып, пентхаус жасап алмақпыз, - дейді көпбалалы ана.
Бұған дейін, Елімізде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғау тетіктері күшейтілді.