Маңғыстауда балалардың жаппай улану фактісі қалай тергеліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігі Маңғыстау облысында оқушылардың улану фактісін тергеу барысы қалай жүріп жатқанын айтты.

Маңғыстау облысының полиция департаменті Мұнайлы ауданында оқушылардың жаппай улану фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатыр.
Қылмыстық іс шеңберінде тергеушілер мектеп, асхана және жеткізуші компания қызметкерлерінің қатысуымен барлық қажетті тергеу әрекеттерін жүргізуде.
Мектеп асханасына азық-түлік сатып алынған объектілер анықталды, жеткізу шарттары мен үлгілері алынды, тиісті зерттеулер тағайындалды.
«Тергеу шаралары мен зерттеу нәтижесі бойынша кінәлі адамдардың іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі. Тергеу барысы ІІМ басшылығының бақылауында. Жұмыс жалғасып жатыр» дейді ведомстводан.
Еске сала кетейік, 7 қыркүйек күні Мұнайлы ауданының емханасына астан уланған 141 бала көмекке жүгінген болатын.
Уланған оқушылардың ішінде 67 бала ауруханаға жатқызылды.
Кейіннен ас ішкен соң жағдайы нашарлаған оқушылардың саны 222-ге жетті.
Бүгін бұл істі Үкімет өз бақылауына алып, тез арада бүкіл мектептердің асханасы тексерілетінін мәлімдеді.
Ал аталған мектептің асханасы мөр басылып, жабылды.