Маңғыстауда барлық бағыттар бойынша жолдар жабылды

АҚТАУ. KAZINFORM – Аймақта кеше түннен бері толассыз қар жауып тұр. Осыған байланысты «Доссор – Құлсары – Бейнеу - Сай-Өтес – Шетпе – Жетібай - Ақтау» жолдары жабылды.

Маңғыстау жолдары
Фото: Ақтау қаласының әкімдігі

Сонымен қатар, «Жетібай–Жаңаөзен–Өзбекстан шекарасы», Жетібай ауылы - Жаңаөзен қаласы, Ақтау - Құрық» бағытында да жол қозғалысы тоқтатылды.

Облыс аумағында кей жерлерде толасыз қар жауып, жел күшейіп, көктайғақ болатынын Қазгидромед мамандары алдын ала болжаған болатын.

Синоптиктердің мәліметінше, мұндай ауа райы алдағы күндері де жалғасады.

Маңғыстаудағы жолдар
Фото: Ақтау қаласының әкімдігі

Қазгидрометтің болжамы бойынша белсенді оңтүстік циклонымен байланысты 21-28 ақпан аралығында Маңғыстау өңірінің басым бөлігінде күн жауын-шашынды (жаңбыр, қар) болады. Қар және қар аралас жаңбыр жаууы, жел күшеюі, тұман түсуі, көктайғақ болуы ықтимал. Ауа температурасы түнде 0-8 градустан -5-10 градусқа дейін төмендейді. Ал, күндіз -3+2 болады, - дейді «Қазгидромет» РМК ұзақ мерзімді ауа райы болжамдары басқармасы департаментінің жетекші инженері Ақнұр Тоқтарова.

қар күреу
Фото: Ақтау қаласының әкімдігі

Ал, Ақтауда жолдарға тұз аралас құм себіліп жатыр.

- Түнгі кезекшілікте автомобиль жолына 50 тонна құм-тұз аралас қоспасы себілген. Күндіз жұмыстар қайтадан жалғасып, жолдың қауіпті жерлеріне 15 тонна тұз аралас құм себілуде. Коммуналдық мекемелерден 400-ден астам жұмысшы жұмылдырылды, - деп хабарлайды Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін, маңғыстаулық құтқарушылар Әзербайжан ТЖ министрінің бұйрығымен марапатталғаны туралы жазған болатынбыз.

маңғыстау
Фото: Ақтау қаласының әкімдігі

 

 

Соңғы жаңалықтар