Маңғыстауда биыл 130-ға жуық интернет-алаяқтық қылмыс тіркелді
АҚТАУ. KAZINFORM – Осы алаяқтық қылмыстардың бүгінде 76сы ашылып, сотқа жолданған. Бұл туралы Маңғыстау облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ілияс Жұмағұлов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда тұрғындарды алдау үшін жиі қолданылатын тәсілдер – «Қазпоштадан сәлемдеме келді», «SIM-картаны жаңарту керек» немесе «Медициналық тіркеуден өтіңіз» деген хабарламалар жіберіп немесе қоңырау шалу. Сол арқылы алаяқтар құпия кодты сұрап, жәбірленушінің атына несие рәсімдейді.
– Алаяқтар өздерін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстырып, несиені «қауіпсіз шотқа» аударуды сұрайды. Сонымен қатар, тұрғындар ақшасын екі есе көбейтеміз деп түрлі интернет жобаларға қатысып, алданып қалып жатады. Kolesa, OLX сынды платформаларда жалған жарнамалар арқылы алдын ала төлем жасап, жеке деректерін беріп, алдану жағдайлары жиі кездеседі. Бұдан бөлек, WhatsApp, Telegram арқылы танысының атынан қарыз сұрап, сенімге кіріп алдау да белең алып тұр, - дейді Ілияс Жұмағұлов.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ілияс Жұмағұлов интернет-алаяқтықтан қорғану жолдарын атады.
– Жеке деректеріңізді ешкімге бермеңіз. Банк картасының нөмері, PIN-код, SMS арқылы келген құпия сөздер - бұл сіздің қаржылық қауіпсіздігіңіз. Күмәнді сілтемелер мен қосымшалардан аулақ болыңыз. Белгісіз сайттарға банк деректерін енгізбеңіз. Күдікті қоңырауларға сенбеңіз. Банк, полиция немесе басқа органдар сізге қоңырау шалып, шотыңыздағы қаражат туралы сұрамайды. Алдын ала төлем жасамаңыз. Интернет арқылы тауар сатып алғанда, сатушының сенімді екеніне көз жеткізіңіз. Күмәнді қаржылық ұсыныстардан бас тартыңыз! Алаяқтардың құрбаны болмаңыз, - дейді Ілияс Жұмағұлов.
Бұған дейін, Маңғыстаудың Қарақия ауданында дронға ұқсас зат табылғаны туралы жазған боатынбыз.