Маңғыстауда екі келіннің енесі қыз босанды

Перзентхана
Фото: Айнұр Ермұханованың жеке мұрағатынан

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысында екі келін түсірген ене қырықтан асқан шағында қызды болды.

42 жастағы Айнұр Ермұханова Жаңаөзен қаласының іргесіндегі Қызылсай ауылында тұрады. Жас босанған ана ауыл мектебінде 21 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тарих пәнінің мұғалімі. Отағасымен бірге 4 ұл тәрбиелеп отырған кейіпкеріміз 17 сәуір күні Ақтау қаласындағы «Ана мен бала» орталығында сәбиін өмірге аман алып келгенін атады.

«Қызымның денсаулығы жақсы. Салмағы 3 келі 250 грамм болып өмірге келді. Акушер Тұрсынай Қуанышқызы барлық көмегін көрсетіп, тиісті шараларды ойдағыдай атқара білді. Кішкентайымызды отбасымызбен бірге перзентханадан алып, үйге келген бетіміз осы. Туыстарымыздың бәрі құттықтап, мәре-сәре болып жатырмыз», - деді Айнұр Ермұханова.

Перзентхана
Фото: Айнұр Ермұханованың жеке мұрағатынан

Қызылсайлық Айнұр Ермұханова бүгінде шаңырағына екі келін түсірген ардақты ене. Оның үлкен балалары бірнеше жыл бұрын үйленіп, бүгінде олардан үш немере сүйіп отыр.

«Жолдасым мұнай-газ саласында еңбек етеді. Төрт ұлдың үлкені 22 жаста. Одан кейігісі 21 жасқа аяқ басты. Екеуі де үйленген. Қазір жеке кәсіппен айналысып жүр. Ұлдардың кенжесін 2015 жылы өмірге әкелдім. Тұңғышым мен қызымның арасы 22 жасты құрайды. Кішкентайымды құдайдың берген несібесі деп білемін. Осы жасымда қызды болсақ деп жоспарлаған жоқпыз», - дейді ана Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.

Айнұр Ермұханованы кенжесімен перзентханадан күйеуі, төрт ұлы, екі келіні мен енесі 101 раушан гүлін табыстап, шығарып алды.

Перзентхана
Фото: Айнұр Ермұханованың жеке мұрағатынан

Айта кетейік, наурыз айының басында Ақтауда салмағы 5 келіден асатын сәби дүниеге келген болатын. Мұнайлы ауылына қарасты Батыр ауылында тұратын алып сәбидің есімін анасы Нұрдәулет деп қойған еді.

Соңғы жаңалықтар