Маңғыстауда кәріз құбыры жарылып, қоршаған ортаны ластады

АҚТАУ. KAZINFORM — Лас судың атқылап жатқан бейнежазбасы желіде тарады. Тұрғындар кәріз құбырынан шыққан ағындының айналаны бүлдіріп, жағымсыз иіске тұшығып отырғандарын айтып, дабыл қақты.

Маңғыстауда кәріз құбыры жарылып, қоршаған ортаны ластады
Фото: Видеодан скрин

Осы оқиға бойынша «Каспий жылу, су арнасы» мекемесі ресми мәлімет таратты. Айтуларынша, Баскұдық ауылы маңында, Алау ауылына жақын жерде кәріз тазарту құрылыстары КОС-1 мен КОС-2 арасындағы құбыр желісінде апат болып, лас су төгілген.

— Сағат шамамен 17:00–де КОС-1 мен КОС-2 нысандарын қосатын Ду-710 ПЭ сол жақ қысымды құбыр желісінде тесік пайда болып, салдарынан бұл құбырдың жұмысы уақытша тоқтатылды. Төгілген тазартылған судың көлемі шамамен 30 текше метрді құрады. Қазіргі уақытта КОС-1 нысанынан КОС-2 нысанына дейін тазартылған судың берілуі оң жақ қысымды коллектор арқылы штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Апат жедел түрде жойылды, — делінген хабарламада. 

«Каспий жылу, су арнасы» мекемесінің хабарлауынша, қазіргі таңда облыстық экология департаменті мен Табиғи ресурстар басқармасы бейнежазбадағы төгіндінің себептері мен мән-жайларын анықтау жұмыстары жүргізіп жатыр. Судың құрамы мен көлеміне қатысты талдау жұмыстары жүргізілмек.

Бұған дейін, Ақтауда полицейлер жүк көлігінің жүргізушісін жерге шеге төсеп, тоқтатқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар