Маңғыстауда Каспий итбалықтарына қатысты тағы бір жағдай тіркелді
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысындағы Баутин ауылының маңында Каспий теңізінің жағалауынан 12 өлі итбалықтың ұшасы табылды.
Өлекселерді Ақтау қаласының тұрғыны анықтаған. Ол 11 қазанда жағалауды аралау кезінде өлген итбалықтарды байқап, суреттерін құзырлы органға жолдаған. Айтуынша, жануарлардың ұшалары шамамен 2,5-3 шақырымға созылған аумақта жатыр.
Маңғыстау облыстық балык инспекциясы баскармасы оқиға орнына мамандар жіберілгенін жеткізді. Жағдай расталса, ресми жауап берілмек.
Айта кетейік, Каспий итбалығы — жойылып кету қаупі бар жануарлар қатарына жататын эндемик. Өкінішке қарай, соңғы жылдары күзде және көктемде оның өлекселері Маңғыстау жағалауынан жиі табылып жүр.
Бұған дейін, Каспий жағалауынан 300-ге жуық итбалықтың өлексесі табылды.
Каспийдегі итбалықтардың қырылуы бүкіл теңіз акваториясында болып жатқаны хабараланды.
Былтыр 11 аралда бар еді, биыл екеуінде ғана: Каспийдің тартылуы итбалыққа қалай әсер етіп жатыр.