Маңғыстауда қатты желден сауда орталығының шатыры ұшып кетті
АҚТАУ. KAZINFORM — Оқиға Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылында болған. Екпінді желдің салдарынан екі қабатты ғимараттың шатыры ұшып, жерге түскен. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, тұрақта тұрған көліктерге зақым келді.
— 16 ақпанда сағат 18-45-те «Instagram» әлеуметтік желісіндегі «112_Aktau» парақшасына жүргізілген мониторинг барысында Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылы, 15/3 ғимараты мекен-жайында орналасқан «Бақжан» сауда орталығында екпінді желдің салдарынан екі қабатты ғимараттың 100 шаршы метр аумақта шатыры ұшқаны анықталды. Ғимараттың жалпы аумағы — 612 шаршы метр, — делінген хабарламада.
Ұшқан шатыр тұрақта тұрған 2 автокөлік пен 1 жарықтандыру бағанасын зақымдаған. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Оқиға орнына департамент қызметкерлері мен 2 техника жұмылдырылған. Аудан бойынша тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.
Айта кетейік, аймақта ауа райы жауын-шашынсыз, ауа температурасы +10°С, оңтүстік-шығыстан соққан желдің жылдамдығы — 10 м/с.
Бұған дейін, Өскеменде мектеп оқушылары қаладағы смогқа байланысты қашықтан оқиды.