Маңғыстауда қыркүйекте 5 жаңа мектеп қолданысқа беріледі
АҚТАУ. KAZINFORM – Бірінші қыркүйекке дейін Маңғыстауда жалпы сыйымдылығы 4 800 орындық бес мектеп қолданысқа беріледі. Оның екеуі Ақтау қаласында, қалғаны Бекі, Қызылтөбе және Басқұдық ауылдарында. Оған қоса, биыл төрт мектепте 773 орынға есептелген қосымша ғимараттардың құрылысы аяқталады.

Ақтауда жаңа мектептер 18 бен 19А шағын аудандарында іске қосылады. Әрқайсы 1 200 орындық білім ошағында екі ауысымда 2 500-дей бала оқиды деп жоспарланған.
– «А» және «Б» блогын қосқанда 63 оқу кабинеті бар. Одан кейін 18 қосымша, жаңағы мұғалімдерге арналған, әкімшілікке арналған кабинеттер бар. Заманауи нақышта салынған. Сол себепті басқа мектептен әлдеқайда көп ерекшеліктері бар, - дейді №24 мектептің директоры Әлібек Баймұратов.

Білім басқармасының мәліметінше, бастапқыда жаңа оқу жылында 18 мектепті іске қосу жоспарланған. Алайда жобалардың құжатын жасақтау, мемлекеттік сараптамадан өту уақыттары ұзаққа созылды. Сондықтан қалған 13 мектеп жыл соңына дейін қолданысқа берілуі тиіс.
– Төрт мектеп «Білім саласын дамыту» қоры есебінен салынып жатыр. Олар осы қыркүйек айында тапсырылады. Содан кейін 21 мектептің 13 мектебін 2024 жылдың желтоқсан айында тапсыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 80 пайызы орындалды, - дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлбану Қызылғұлова.
Облыста үш ауысыммен оқитын 15 мектеп бар. Онда 4 мыңға жуық оқушы білім алуда. Мамандар 2024-2025 оқу жылында аталған білім беру ұйымдары іске қосылғанда, мәселе шешілетінін жеткізді.