Маңғыстауда құстарды қорғау жобасынан шу шықты
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Блогер Азамат Сәрсенбаев құстарды қорғау жұмыстарына 10 млн теңге бөлінгенін кездейсоқ біліп, шу шығарды. Ал тапсырыс беруші Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жұмысты дұрыс орындамаған қоғамдық қорға екі рет ескерту берді.

Қоғам белсендісі, блогер Азамат Сәрсенбаев көпшілікке табиғат жанашыры ретінде де таныс. Маңғыстаудың әсем көріністерін түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таныстырып отырады. Оның айтуынша, дәл осы жұмыстарын көрген «Қазақстанның экологиялық қоры» қоғамдық қоры өзімен байланысқа шыққан. Тіпті гранттар ұтатынын, қолдауға дайын екенін жеткізген. Бірге жұмыс істеуге ұсыныс берген.
— Менің жанымда құстардың тілін білетін орнитолог маман бар. Маған емес, ақшаны соған берер едім. Ал мен ақпараттық қолдау көрсетсем болды. Себебі адамдар мені таныған соң жараланған, қанаты қайырылған құстар туралы айтып, әкеледі. Дәл осы сөзді бірге жұмыс істейді деп қабылдаған сияқты. Арада нақты келісім болмады. Бір күні маған Қызыл кітапқа енген құсты әкелді. Бүркітті арнайы орынға апару үшін Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасынан рұқсат алмақ болдық. Барып, келісім алған кезде басқарма мамандарының бірі арнайы грант бөлінгенін, қаржы 10 млн теңге екенін айтты. Тіпті жобаның осы жолмен жақсы жұмыс істеп жатқанын жеткізгенде қатты таңқалдым. Себебі қоғамдық қор солай есеп берген. Шын мәнінде қоғамдық қор біздің фото, видео құжаттарымызды алып, бар болғаны 500 мың теңге беретінін білгенде басқарма мамандары да ойланып қалды. Соңы шуға ұласты. Қоғамдық қор біздің атымызды жамылып осылай табыс тапқысы келді, — деді блогер Азамат Сәрсенбаев.
Оның айтуынша, табиғатты қорғау шараларының бәрі тегін әрі жанашыр ниетпен жасалған. Ал қор торғайға көмек көрсетіп те ақша алмақ болған. Тіпті келісімшарт талаптары орындалмаған. Талап бойынша оңалту орталығы да болуы тиіс.
— Құжатта 10 млн теңгенің тең жартысы жалақыға жұмсалғаны жазылған. Сонымен бірге 1,8 млн теңге ақпараттық парақшалар шығару үшін, 2 млн теңге «Қоқиқаз күні» фестивалін ұйымдастыруға деп қарастырылған. Ал 1 млн теңгеге балаларға экскурсия жасауы тиіс. Бұл шаралар ұйымдастырылмаған. Ал 500 мың теңгені бізге, яғни құстарға көмекке деп қарастырған. Бұл қор енді грант алмауы керек. Қор жосықсыз қатысушы деп танылуы тиіс, — деді Азамат Сәрсенбаев.
Ал Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы тапсырысты орындауы тиіс қоғамдық қор жұмысына көңілі толмайтынын, екі рет ескерту бергенін хабарлады.
— Өңірде кездесетін жабайы құстарды сақтау және уақытылы көмек көрсету үшін мемлекеттік грант бөлініп, 10 млн теңге қаралды. Оның ішінде әлсіреген және жараланған жабайы құстарды оңалту орталығын ұйымдастыру, уақытша ұстау орнын жасақтау, ветеринарлық қызмет болуы тиіс. Құстарды қоректендіру, табиғи ортаға жіберу керек. Сонымен бірге Қаракөл көліне 20 рет экскурсия жасау, Халықаралық қоқиқаз күні фестивалін ұйымдастыру кірді. Фестиваль аясында 5 номинация бойынша конкурс өткізу талабы да қойылды. Осы жұмыстар толығымен орындалмады. Тек ақпараттық парақшалар таратылғанын айтқан, — деді Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің басшысы Жазира Әділбекова.
Басқарма Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы арқылы келісімшартқа отырады. Мемлекеттік сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін ортада оператор жұмыс істейді. Бұл жағдайда да оператор конкурс жариялап, ҮЕҰ-мен келісіммен қол қойды.
— Тамыз айында қандай жұмыс атқарылып жатқанын сұрап, операторға хат жолданды. Бұл екінші хат. Алдымен бақылау жасау туралы айтып, кейін нақты жұмысты талап еттік. Екі рет хатқа жауап болмаған соң орындалмаған жұмыстың қаржысын қайтару туралы хат жазылды. Әлі жауап келмеді. Егер талап орындалмаса сотқа жүгінеміз, — деді Жазира Әділбекова.
Ал «Қазақстанның экологиялық қоры» қоғамдық қоры әзірге қандай да бір байланысқа шықпады. Қордың Астанадағы байланыс телефоны да жауап бермеді.
Айта кетейік, шілдеде Ақтауда теңіз жағалауынан итбалық өлексесі табылды. Теңіз жануарының өлексесін суға шомылып жүрген ересектер мен балалар байқаған.