Маңғыстауда мүгедектігі ескерілмей, 10 тәулікке қамалған азаматтың жазасы өзгертілді

АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстау облысы Қарақия ауданында II топтағы мүгедектігі бар азаматқа тағайындалған 10 тәулік әкімшілік қамау жазасы айыппұлға ауыстырылды. Бұған прокуратураның наразылығы негіз болған.

Маңғыстауда мүгедектігі ескерілмей, 10 тәулікке қамалған азаматтың жазасы өзгертілді
Фото: Pixabay.com

Аудандық сот «К» есімді азаматты әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 10 тәулікке қамау туралы шешім шығарған.

Алайда аудан прокуратурасы іс материалдарын зерделеу кезінде азаматтың II топтағы мүгедектігі бар екенін анықтады.

Қолданыстағы заңнама бойынша I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға әкімшілік қамау жазасы қолданылмайды.

Осыған байланысты прокуратура сот қаулысына наразылық білдірді. Облыстық сот наразылықты қанағаттандырып, әкімшілік қамау жазасының күшін жойды. Оның орнына азаматқа айыппұл салынды.

Еске салайық, бұған дейін екі баласы бар әйелге берілген 20 тәулік қамау жазасы айыппұлға ауыстырылғанын хабарлағанбыз.