Маңғыстауда мұнай қалдықтарын жерге төккен компания тексеріледі
АҚТАУ. KAZINFORM –Маңғыстау облыстық экология департаментінің басшысы Армат Жүсіпқалиев осы оқиға бойынша «ECSAD» компаниясына жоспардан тыс тексеру жүргізілетінін жеткізді.

Облыстың бас экологының айтуынша, мұнайдың қалдықтарын өңдеу – «ECSAD» компаниясына тиісілі. Оның негізгі орналасқан жері Ақтау қаласынан 690 шақырымда, Боранқұл елді мекенінің Қамысты деген жерінде орналасқан. Мекеме мұнай қалдықтарын ремедиациялау және биологиялық жолмен өңдеумен айналысады.
- Бұл компания 2021 жылы экологиялық сараптамадан өтіп, бізден рұқсат қағаз алған болатын. Рұқсат қағазы 2026 жылға дейін жарамды. Халықта көп сұрақ туындап отыр, қазып жатыр, мұнайды жерге төгіп жатыр дейді. Негізі технологиялық процесс бойынша жер қазылып, астына пленка төселеді. Содан кейін өзінің топырағы бар, сол төселу керек. Ал, әлеуметтік желіде тараған бейнежазба бойынша айтарым, экология департаменті прокуратурамен бірлесіп, жоспардан тыс тексеру жүргіземіз. Сол кезде дұрыс жасап жатыр ма, жоқ па, анықтап, алдағы уақытта қорытындысын береміз, - дейді департамент басшысы Армат Жүсіпқалиев.
Ал, оған дейін, Бейнеудегі табиғат қорғау прокуратурасынан өкілдері оқиға орнына барған. Қорытындысы енді білгілі болмақ.
Бұған дейін, Маңғыстауда кен орындарының бірінде бұрғылау қондырғысы құлап кеткені туралы жазған болатынбыз