Маңғыстауда нөсер салдарынан қырылған жылқылардың саны есептеліп жатыр
АҚТАУ. KAZINFORM – Жануарлар Ақшымырау мен Сайөтес ауылдары аумағында жаппай қырылған. Бірақ әзірге нақты қанша жылқы өлгені белгісіз. Арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.
Сайөтес ауылы аумағындағы «Тілеміс» шаруа қожалығының жетекшісі Жанақ Ізтұрғановтың айтуынша, нөсер жауыннан кейін 17 жылқысын өлі күйінде тапқан.

- Өлген құлындарды санамағанда, ірі 17 бас жылқым қырылып қалды, - дейді шаруа.
Ал Сайөтес ауылының тұрғыны Бекмаханбет Исталетовтың отыздан астам жылқысы қырылған. Шаруа қожалығының иесі құзырлы органдар тарапынан көмек болмағанын, жоғалған малын өз күштерімен іздестіріп жатқанын айтады.

- Жағдай мәз емес. Табиғаттың тосын мінезінен 30 дан астам жылқы қырылды. Көмекке ешкім келіп жатқан жоқ. Жылқыларым түгел ресми тізімді тұрған жануарлар. Темір жолдың екі жағын тазартып жатқан болар. Бірақ біздің шаруашылық жаққа ешкім келген жоқ. Шаруашылығым Сай-Өтес ауылынан күн шығысқа қарай 21 шақырым жерде орналасқан, - дейді Бекмаханбет Исталетов.

Айта кетейік, 14-15 сәуір күндері аймақта екпінді жел соғып, нөсер жауын жауған болатын. Салдарынан жылқылар батпаққа батып қырылған. Осы жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылып, шалғайдағы ауылдардың аумағын тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, комиссия жұмысын жалғастырып жатыр. Қорытындысы әлі шыққан жоқ.
Бұған дейін Маңғыстауда нөсер жауыннан кейін жүзден астам жылқы қырылғанын жазған болатынбыз.