Маңғыстауда нөсер жауын салдарынан 500-ден астам мал қырылды

АҚТАУ. KAZINFORM – Жылқылары қырылған шаруалар жергілікті биліктен өтемақы төлеуді және өлген жануарларды жою жұмыстарын ұйымдастыруды сұрайды. Осы жағдайға байланысты облыс әкімгі түсініктеме берді.

а
Фото: Маңғыстау облысының шаруаларынан

Қарақия ауданы әкімдігінің хабарлауынша, 20-сәуірде 237 бас мал табылған. Оның 108-і жылқы. 5-еуі тай, 10-ы құлын.

а
Фото: Маңғыстау облысының шаруаларынан

Сонымен қатар, 2 түйе, 5 бота, 107 қой мен ешкі бар.

Ал, 21- сәуірде өлген 316 бас мал анықталған. Жылқы - 134, тай - 9 бас, құлын - 19, 154 қой мен ешкі. Осылайша, екі күн ішінде аудан бойынша жалпы саны 553 бас мал шығыны тіркелген.

а
Фото: Маңғыстау облысының шаруаларынан

Маңғыстау облысының әкімдігі жағдайға қатысты пікір білдірді.

- Қазіргі уақытта Қарақия ауданында жердің шайылып, батпақтануына байланысты жергілікті атқарушы органдар өндірістік кәсіпорындармен бірлесіп арнайы техникаларды тарту жұмыстарын жүргізуде. Қазір мал басын есепке алу және тиісті актілерді рәсімдеу жұмыстары атқарылып жатыр. Актілер жасалып, жануарлар чиптері арқылы сәйкестендірілгеннен кейін, ветеринарлық қызметпен бірге арнайы техника қолдана отырып, қырылған малды жою жұмыстары басталады. Мал шығыны бойынша өтемақы төлеу мәселесі қолданыстағы заңнама аясында қаралатын болады, - деп хабарлады облыс әкімдігі.

а
Фото: Маңғыстау облысының шаруаларынан

Бұған дейін, Маңғыстауда нөсер салдарынан қырылған жылқылардың саны есептеліп жатқанын жазған болатынбыз.