Маңғыстауда Рауан ауылының тұрғындары мектептің жанындағы құрылысты тоқтатуды сұрайды

АҚТАУ. KAZINFORM — Өмірзақ ауылына қарасты Рауан елді-мекенінің тұрғындары мектеп пен балалар ойын алаңының арасындағы құрылысқа қарсылық білдіріп жатыр. Аталған аумаққа ауыр техникалар мен жүк көліктері тұрақтайтын автопарк салына бастаған. Тұрғындар балалардың қауіпсіздігіне алаңдайды.

Маңғыстауда Рауан ауылының тұрғындары мектептің жанындағы құрылысты тоқтатуды сұрайды
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

— Ауыр жүк көліктердің автотұрағы салынып жатыр. Біз оған қарсымыз. Себебі, мектептен шыққан балалар осы жермен жүреді. Осы тегіс жерде велосипед пен самокат тебеді. Мына жүк көліктері біреуді басып кетсе қайтеміз? , — дейді ауыл тұрғыны Баян Үмбетова. 

Аталған аумақ қоршалған. Құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ішінде 3-4 ауыр техника тұр. Нысан — мектеп пен балалар ойын алаңының ортасында орналасқан.

Маңғыстауда Рауан ауылының тұрғындары мектептің жанындағы құрылысты тоқтатуды сұрайды
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

— Ауылда балалар ойын алаңы жетіспейді. Өзі екеу-ақ, оның да біреуі ескі. 600 ден астам бала бар. Олар қайда барып ойнайды сонда? Қаншама халық бар. Одан да осы жерге тұрғындарға саябақ салып беруді сұраймыз, — дейді Сәуле Қойланова. 

Өмірзақ ауылының әкімі Бисенғали Кенжалиевтің айтуынша, автотұрақ салынып жатқан жер Ақтау қаласына тиісілі. Сондықтан ауыр техникалар мен жүк көліктерін елді-мекенге кіргізбеудің жолдары қарастырылады. 

Маңғыстауда Рауан ауылының тұрғындары мектептің жанындағы құрылысты тоқтатуды сұрайды
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform
Маңғыстауда Рауан ауылының тұрғындары мектептің жанындағы құрылысты тоқтатуды сұрайды
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

— Бұл тұрақтың жері қаланың аумағы, бізге қарамайды. Сондықтан осы мәселе бойынша шешім қабылдай алмаймыз. Бірақ, дегенмен, қаладағы әріптестермен бірге, жүк көліктерін реттеу бойынша міндетті түрде шарасын аламыз. Қажет болатын болса, жол белгісін қоямыз. Арнайы рұқсат алғанша, көлік қойдырмауға шаралар қабылдаймыз, — дейді ауыл әкімі. 

Бұған дейін, Маңғыстауда «Кезби» мұнай-сервис компаниясының директоры 10 жылға сотталғаны туралы жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар