Маңғыстауда Сайөтес аулының тұрғындары апатты үйлерінен көшіп, сан соғып қалды
АҚТАУ. KAZINFORM – Тұрғындардың айтуынша, әкімдік апатты үйдің орнына берілген баспаналардың жекешелендірілмейтінін алдын-ала ескертпеген.

Сайөтес ауылында 60-жылдары салынған екі қабатты 22 тұрғын үй бар. 2023 жылы соның үшеуі апатты деп танылды. Тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру үшін 2024-жылы әр қайсысы 4 отбасына арналған 3 үй салынды.
— Аудан әкімі баспаналардың кілтін келісімшартпен таныстырмастан беріп кетті. Тұрғындарға жалдамалы екені айтылмады. Келісімшартпен танысу барысында біз пәтерлердің өмір бойына шектеусіз жалдамалы екенін біліп, келісімшартқа қол қоюдан бас тарттық, — дейді тұрғындар.
Ауылдықтар жеке баспаналарының орнына берілген пәтерлерді жекешелендіріп беруді сұрайды.
— Осы мәселемен облыс әкіміне бірнеше рет хат жаздық. Бірақ ешқандай жауап ала алмай отырмыз. Қазір осы үйлерде тұрып жатырмыз. Бірақ, коммуналдық мекеме келісімшартқа қол қоймадыңдар деп қысым көрсету мақсатында газды, электр энергиясы мен суды қиып кетті. Үйдің кілтін тапсыр, сотқа береміз деп қыспаққа алып, қорқытып отыр, — дейді тұрғындар.
Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Жандос Романұлының айтуынша, жаңа баспаналар тұрғындарға Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі № 673 қаулысына сәйкес берілген. Яғни заң бойынша жекешелендіруге жатпайды. Бүгінгі таңда 11 тұрғынның 3еуі келісім шартқа қол қойған.
— Сайөтес ауылындағы апатты тұрғын үй мәселесі, тұрғындардың көп жылдан бері көтеріп, шешімін таппай тұрған мәселенің бірі еді. 2023 жылы қос қабатты 3 үй апатты болып танылып, сол үйде тұрып жатқан 11 тұрғынды қауіпсіз жерге көшіру мақсатында, 4 басты 3 үй салынып, табысталды. Осы уақытқа дейін коммуналдық төлемдерін үйді салған мердігер мекеме төлеп келді. Бұдан былай төлеуден бас тартып отыр. Сондықтан электр әнергия, газ толық желіден қиылды. Тұрғындар келісім шартқа қол қойса, коммуналдық желіні қосуға еш кедергі жоқ, — дейді аудан әкімінің орынбасары.
Бұған дейін, Атырауда апатты үйлерде тұратын 24 отбасыға жаңа баспана берілгені туралы жазған болатынбыз.