Маңғыстауда соңғы 5 жылда ауа ластанбаған

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облыстық экология департаментінің мәліметіне сүйенсек, кейінгі жылдарда атмосфералық ауаның құрамынан анықталған ластаушы заттардың шоғыры шекті көрсеткіштен аспаған.

Маңғыстауда соңғы 5 жылда ауа ластанбаған
Фото: Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы

- «Қазгидромет» облыстық филиалының қызметкерлері Ақтау қаласы аумағындағы атмосфералық ауаның жай-күйіне мониторингті жылжымалы экологиялық зертхана көмегімен 3 нүктеде және 2 қол күшімен алынатын, 2 автоматикалық бақылау бекеттерінде жүргізеді. Бақылау бекеттерінен алынған сынамаларға сәйкес, соңғы 5 жылда облыста атмосфералық ауаның ластану деңгейі көп өзгеріске ұшырамаған. Барлық анықталатын ластаушы заттардың шоғырлары шекті жол берілген шоғырдан аспайды, - дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Хайдар Тулеушов. 

Маңғыстауда соңғы 5 жылда ауа ластанбаған
Фото: Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы

Облыста экономиканың негізін мұнай-газ секторы құрайды. Сондықтан 71 ірі кәсіпорын бірінші санаттағы нысанға жатқызылған. Биыл өндірістік объектілерге рұқсат беру барысында 7 кәсіпорынға мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу шеңберінде эмиссия көлемі 958,77 тоннаға төмендетілген. Сонымен қатар, «Маңғыстаумұнайгаз», «КазАзот», «Каспий Цемент», «МАЭК» компанияларына автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнату тапсырылған. Қазіргі таңда «МАЭК» кәсіпорнынан басқалары талапты орындаған.

- Қоршаған ортаны қорғау мәселесіне келетін болсақ, облыста жыл сайынғы сенбіліктер кең көлемде, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны аясында жүзеге асырылды. Оған 168 мыңнан астам адам атсалысты. 27 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. 34 мыңнан астам ағаш отырғызылды, - дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Хайдар Тулеушов.

Маңғыстауда соңғы 5 жылда ауа ластанбаған
Фото: Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы

Басқарма басшысының айтуынша, аймақта құм көшкінін тоқтату жұмыстары жалғасуда. Биыл Жарма, Сауысқан және Сазды ауылдарын құм көшкінінен қорғау жұмыстарының І-кезеңі аяқталған. Екінші кезеңі 2025-2027 жылдары жүзеге асырылмақ.

Бұған дейін, ел аумағында атмосфералық ауа сапасын 100 пайыз анықтайтын станциялар қойылғанын жазған болатынбыз.