Маңғыстауда су көздері жеткілікті, тек оны пайдалану керек - маман
АҚТАУ. KAZINFORM – Аймақта кезінде су ресурстарын тауып, пайдалануды үйлестірген маман, сала ардагері Шынабай Ақкенжеев Маңғыстауда игерілмей жатқан су көздері туралы Kazinform тілшісіне сұхбат берді.

Шынабай Ақкенжеев – Маңғыстаудың алғашқы инженер-гидротехнигі. Ол 1973 жылы аймақта жаңадан құрылған су шаруашылығы кәсіпорнын басқарып, облыс аумағында жайылымдарды суландыру құрылыстарымен, жерасты суларын пайдаланып, егін шаруашылығын ілгері дамыту, елді мекендер мен қала, аудан орталықтарын ауызсумен қамту құрылыстарын жүргізумен айналысқан.
Оның айтуынша, өңірде жерасты суының мол қоры бар. Олар Сам құмында және Тиген жерінде.
- Сам құмында көп су бар. Ол жерасты суын әлі ешкім пайдаланған жоқ және онда тұщы су бар, оны шығару керек, құбырмен тартып, егін егу керек. Су тапшы елді-мекендерге жеткізіп беру керек. Бар болғаны 10-15 метр тереңдікте жатыр. Тигенде де жерасты суы бар. Ол тереңнен шығады. Кезінде біз оны пайдаландық. Халық егін екті. Бозашы халқына, малына жеп-шөп дайындап бердік. Кеңестік шаруашылықтар тараған кезде ол қалып қойды, - дейді ардагер.
1939-жылы Маңғыстау облысының Бозашы түбегіндегі Долгий аралында дүниеге келген Шынабай Ақкенжеев Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын бітіріп, инженер-гидротехник мамандығын меңгерген. Сол кездің ірі құрылыстарының бірі - Шардара су-электр станциясының (ГЭС) құрылысын салуға қатысқан.
Оның айтуынша, Маңғыстауда су шаруашылығына көңіл бөлініп жатқан жоқ. Жерасты суы, жерүсті суы, тұщытатын су, ағын сулар, тазартатын сулар - соның бәрін халыққа пайдалануға беру қажет. Ал, ол үшін жұмыстану керек, - дейді. Ардагер газетке мақала жазып, оны құзырлы министрлікке де жолдағанын айтады.
– Үстірттің үстінде біз қазған мыңдаған құдық бар. Ертеде ата-балаларымыз қазған жеке құдықтар да бар. Оларды күні кешеге дейін пайдаланып келдік. Ал қазір ел бармайды. Үстірт қаңырап бос тұр. Неге ел бармайды, мал бармайды? Неге біз тек мұнай саласына жүгіреміз? Неге біз ауыл шаруашылығымен айналыспаймыз?, - деп қынжылды маман.
Шынабай Ақкенжеев «Шөл дала перзенттері» атты кітап жазған. Сол кітапта облыстағы су шаруашылығының кешегісі мен келешегі туралы жазған. Сонда суды қалай пайдалану керек, қай жерде су бар бәрі көрсетілген.

- Жер астында бұрғы ұңғымасын қазып, суды шығарып, құбыр тарту керек. Суды малға, егінге пайдалану керек. Қаладан шыққан ағын суларды тазартып, ауыл шаруашылығына пайдаға асыру керек. Қазір су тұщытатын зауыттар жағада өте көп салынып жатыр. Дұрыс, халыққа ең керегі - ауыз су. Соны дайындап беру керек. Енді, Ақтаудан шыққан суды да пайдаға жарату маңызды. Ол далаға ағып жатыр, - дейді ардагер инженер-гидротехник.
Маманның пікірінше, ауыз сумен қатар, егінге пайдаланатын суда да ойлау қажет. Себебі, маңғыстаудың шөбі өзге өңірлерден тасымалданатын шөптен 10 есе құнарлы.
- Жұмыстанып, су көздерін есепке алу керек. Мал бағып, егін егуді дамыту керек. Тек ауыз су шығармай, егінге пайдаланатын суды да ойлау керек. Саураның суын неге пайдаланбасқа? Құрықтың жолындағы минералды фонтан бар, сол бостан-босқа 50 жылдан бері далаға ағып жатыр. Демалыс аймағына немесе емдік орталығына неге айналдырмасқа?, - дейді «Ерен еңбегі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарының иегері Шынабай Ақкенжеев.
Бұған дейін, Маңғыстауда ауыз су тапшылығын болдырмау үшін 7 жоба іске асырылады
Ақтауда Каспий су тұщыту зауытының қуаты 2 есе артты.