13:30, 17 Қаңтар 2025 | GMT +5
Маңғыстауда су тарифін белгілеу кезінде заңнама талаптары сақталмаған
АҚТАУ. KAZINFORM – Бұл деректі облыстық прокуратура анықтады.

Құзырлы органның мәліметінше, ауылдық елді мекендердің тұрғындары үшін жергілікті бюджеттен субсидияланатын судың бағасы бір текше метр үшін 70 теңге болуы тиіс. Алайда, тұтынушыларға негізсіз 120 теңгеден беріліп келген.
Осыған байланысты облыс прокуратурасы наразылық түрінде прокурорлық қадағалау актісін енгізді. Соның нәтижесінде мәслихат шешімінің күші жойылып, бір текше метрге сомманы 120 теңгеден 70 теңгеге дейін түсіру туралы жаңа шешім қабылдады.
Осылайша ауылдық елді мекендердің 73 мың тұтынушының құқығы қорғалды.
Бұған дейін Ақтауда теңіз жағалауында заңсыз пирс салмақ болғандар анықталғанын жазған болатынбыз.