Маңғыстауда табиғат инспекторлары ерекше құсты фотоға түсірді

құс
Фото: "Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркі

АҚТАУ. KAZINFORM – «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі инспекторлары «Тасорпа» мемлекеттік табиғи қаумалынан ерекше құсты суретке түсіріп алды. 

Табиғат инспекторлары қаумал аумағын қарау кезінде фотоқұрылғыға ақ түсті жапалақты түсіргенін мәлімдеп отыр. Мұндай құс өңірде сирек кездеседі. Ал парк басшысы Мыңберген Қаратауов ақ жапалақты екі апта бұрын байқағанын атады.

«Бұл құстың денесін ақ түк басқан. Жұмырқадан шыққанда соқыр болып туады. Аталған жапалақ тәрізділер жәндіктермен, кемірушілермен қоректенеді. Біз 4 наурыз күні «Қызылсай» паркіне қарасты «Тасорпа» мемлекеттік табиғи қаумалынан байқап, суретке түсірдік», - деді «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің директоры Мыңберген Қаратауов.

Ерекше жапалақтың басы үлкен, көздері бадырайған, көз бұршағы қимылсыз, беті тегерішті, қауырсындары өте жұмсақ, ұшқанда дыбыссыз қанат қағады. Кемірушілермен қоректеніп, жемін түнде аулайды. Ұясын көбіне ағаштың қуысына, кейде жерге салады. 

«Ұядағы жұмыртқалардың саны дене мөлшеріне байланысты 2-ден 12-ге дейін жетеді. Ал жұмыртқаларды аналығы басады. 28 туысқа бірігетін 133 түрінің Қазақстанда 9 туысы, 12 түрі кездеседі. Олардың 10-ы ұя салады. Мамыр-маусым айларында ірілері 1-2-ден, ал майда құстары 10-12-ден жұмыртқа салып, оны мекиені 4 аптадай басады. Балапандары 30 күнде қанаттанады», - деді Мыңберген Қаратауов.

Бұған дейін Маңғыстауда «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің қорғауындағы арқар, қарақұйрық басы көбейгені хабарланған болатын. 

Сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақта заңсыз аң аулаған Бейнеу ауданының екі тұрғынын инспекторлар анықтады. 

Соңғы жаңалықтар