Маңғыстауда түйелерді қарақұрт шағып жатыр

АҚТАУ. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде түйелерді қарақұрт шағып, үй жануарларына ветеринарлық көмек көрсетіліп жатқан бейнежазба тарады.

түйелер
Фото: Аягөз Ізбасарова / Kazinform

Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, расымен де қарақұрт шағу деректері тіркелген. Қазір әр ауданда ветеринар дәрігерлер жұмыс істеп жатыр және арнайы чаттар арқылы мал иелерімен байланыс орнатылған. Зардап шеккен жануарларға алғашқы көмек көрсетілген.

— Бүгінгі таңда қарақұрт шаққан 50-60 түйе тіркелді. Жануарлардың бәрі емделді. Тек, бір түйе өлді. Оқиғалар Маңғыстау, Түпқараған, Бейнеу және Мұнайлы аудандарында болды. Аймақта жаппай түйе малының өлім-жітімі тіркелген жоқ, — дейді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бердібек Марқабаев. 

Мамандар төрт түлікті қарақұрт шаққан жағдайда бірден ветеринарлардың көмегіне жүгінуге кеңес берді. Өйткені, қарақұрттың уы (нейротоксин) жануардың жүйке жүйесіне қатты әсер етеді.

Бұған дейін, Маңғыстаудың Бейнеу ауылында тұрғынды қарақұрт шаққаны туралы жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар