Маңғыстауда үш баласынан айырылған отбасы қайта сәбилі болды
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстауда былтыр қайғылы оқидан үш баласынан айырылған отбасының шаңырағында сәби дүниеге келді. 51 жастағы Күмисай Пәлекеева «ЭКО» бағдарламасының көмегімен ана атанды.
Облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығының хабарлауынша, нәрестенің салмағы 3 келі 400 грамм, бойы 52 сантиметр. Босану кесар тілігі арқылы өткен. Дәрігерлер ана мен баланың жағдайы жақсы екенін айтады.
Күмисай Пәлекеева жолдасымен бірге ауыр қайғыдан кейін қайтадан ата-ана болуға шешім қабылдаған. Әйелдің айтуынша, ол бұл жаста бала көтеріп, босана алатынына бастапқыда сенбеген. Алайда дәрігерлердің қолдауымен «ЭКО» процедурасына жүгінген.
— Үйіміз қаңырап, жападан-жалғыз қалдық қой, сосын ЭКО арқылы болса да дүниеге бала әкелсем деп ойладым. Жаныма сүйеніш, қамқор болатын балам болса деп тіледім. Сол үшін өмір сүріп, алға ұмтылғым келді, — дейді Күмисай.
ЭКО процедурасы отбасына тегін берілген.
Күмисай Пәлекеева сәбиінің қыз бала екенін жүктіліктің алғашқы кезеңінде-ақ білген. Есімін — Ария деп әкесі қойған. Сонымен қатар, отбасы биыл қыркүйек айында 13 жасар бала асырап алған.
Еске салайық, былтыр Мұнайлы ауданының «Қаламқас» тұрғын-үй алабында осы отбасының үйінде қайғылы оқиға болып, 3 бірдей баласы көз жұмды. Мамандардың айтуынша, балалар газдың исіне уланып қалған.