Маңғыстауда жағажайды бүлдіріп, жазу жазып кеткен тұрғынға айыппұл салынды
АҚТАУ. KAZINFORM – Вандализм дерегі Ақтаудан 43 шақырым жердегі танымал жағажайда тіркелген.

Тұрғындардың бірі жартасқа бояумен «Ұштаған» деп жазып кеткен.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында Ұштаған деген елді мекен бар. Бұл бассыздықты көрген өзге демалушылар бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған.
- Вандалдар табиғат аясында демалып, сол маңайды ластап кетті. Қоқыс толы дорбалар жатыр. Сонымен қатар, жартасқа үлкен әріптермен «Ұштаған» деп жазып кеткен. Бұл - қоршаған ортаға деген құрметтің жоқтығы, - дейді бейнежазбаға түсірген демалушы.
Облыстық полиция департаменті тәртіп бұзушыларды іздеп тапқанын хабарлады. Жазу жазған тұрғынға айыппұл салынған.
- Жартастағы жазудың авторы анықталды. Ол - 2002 жылғы жігіт. Енді ол шамамен 80 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді.
Ал жартастағы жазу жуылып, кетірілді, - делінген хабарламада.
Бұған дейін, Маңғыстауда туған жерге деген сүйіспеншілікті айқындайтын ерекше челленж басталғаны туралы жазған болатынбыз.