Маңғыстауда «Жасыл ел» еңбек жасағы өз жұмысын бастады
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысында жазғы демалыс кезінде оқушылар мен студенттердің бос уақытын тиімді пайдаланып, оларды еңбекке баулу мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасағы құрылды.

Бағдарлама аясында жастар қоршаған ортаны абаттандырып, көгалдандыру және тазалық жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, сол үшін оларға еңбекақы төленеді.
Былтыр аталған жобаны орындауға 119 миллион теңге бөлініп, 1 637 жас жұмыспен қамтылған болатын. Ал биыл бағдарламаны жүзеге асыру үшін, жергілікті бюджет есебінен 256,8 миллион теңге бөлінді. Жоба аясында 2 888 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Айта кетейік, жастардың жалақысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ең төменгі жалақы - 85 000 теңге көлемінде болады. Жастар 2 немесе 3 маусымға бөлініп жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, жастар ресурстық орталықтарының ұйымдастыруымен «Жасыл ел» жасағының жастарына оқыту шаралары, кездесулер, мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылмақ.

