Маңғыстауда жыл басынан бері 16 жасөспірім түсік жасатқан
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстауда биылғы 9 айда 75 жүкті жасөспірім есепке алынған. Былтыр бұл көрсеткіш 129 болған еді.
Маңғыстау облыстық «Ана мен бала» орталығының директоры, акушер-гинеколог Жапырақ Епенованың айтуынша, 12 аптаға дейінгі сәтсіз жүктілік және өздігінен түсіруді қосқанда 16 жасөспірім түсік жасатқан, 74 жасөспірім босанды.
Маманның сөзінше, 18 жасқа толмаған қыз балалардың осындай жағдайға душар болуы — қоғамдық мәселе. Себебі, әлемдік статистикаға сүйенсек, аяғы ауыр қыздардың 20 пайызы ғана өзінің қатарластарынан, ал 80 пайызы ересек ер адамдардан жүкті болады.
— Бұл жерде әлеуметтік, медициналық мәселелер бар. Тек дәрігерлер мен мұғалімдер ғана емес, қыз баламен жұмыс отбасында басталуы қажет. Жасөспірімдердің өз қатарластарымен жыныстық қатынасқа түсіп, жүкті болуы сирек кездеседі. Көп жағдайда туыстардың арасындағы үлкен кісілер кінәлі. Ата-аналар колледжге оқуға түскен қыздарын туыстарының үйіне жатқызады. Біз соның кері жағын көріп отырмыз. Тек Қазақстан емес, әлемдік статистикада солай, — дейді акушер-гинеколог.
Ерте жыныстық қатынасқа түсу мен ерте жүктіліктің жас ағзаға әкелер зияны да, кері салдары да орасан.

— Ерте жыныстық қатынасқа түсудің салдарынан жатыр мойны обыры болуы мүмкін. Ал, бірінші жүктілікті үзу — бедеулікке әкелуі ықтимал. Әр түрлі қабыну процестері жүреді. Қабыну мен бедеуліктен басқа, мөлшерден тыс көп қан кетуі мүмкін. Себебі, жасөспірім баланың ағзасы әлі жүктілікке дайын емес. Ағзада гормондар әлі қалыптаспаған. Түсік тастап, тазалағанда «Жатыр мойынының жарақаты» тіпті, жатыр тесіліп кетуі мүмкін. Ал, босанған кезде босану жолдары жыртылады. Жасөспірімдерде ерте жүктілікке байланысты уақытынан бұрын босану немесе әлсіз босану болады, — дейді Жапырақ Епенова.
Жапырақ Епенованың айтуынша, жасөспірімнің босанғаннан кейінгі жағдайын болжау мүмкін емес. Олар нәрестені қарай алмайды, тіпті емізе де алмайды.
Ал дұрыс қоректенбеген бала болашақта аурушаң болады. Сонымен қатар, ерте ана атанған жасөспірім психикалық травма алады. Жас қыз өзін кінәлі санап, күйзеліске түсуі мүмкін.
Ақтаулық гинеколог Ләззат Ашықбаев жасөспірімдер өмір бойы өкінбеу үшін, жастардың жыныстық сауатын арттыруға аса көңіл бөлу қажет, — деп санайды.
— Жастар болашақта сәби сүю бақытынан айырылып, сан соқпас үшін және қалаусыз жүктіліктен қорғанудың жолдарын өмірлік дағдыларға негіздеп түсіндірудің еш әбестігі жоқ. Табиғат әйелдің жаратылысын өзгеше етіп жаратқан. Жүктілік — ерекше аса күрделі физиологиялық үдеріс. Бұл кезде әйел ағзасында гормондық өзгерістер жүреді. Жасөспірім қыздың ағзасы психологиялық және физиологиялық тұрғыдан жүктілікті көтеруге әлі бейімделмеген. Жыныстық өмірге аяқ басқан жасөспірімдерде қажетті ақпарат бола бермейді, сондықтан жыныстық жолмен берілетін инфекциялар қаупі күшейеді. Олар қандай контрацептив қолдану керегін және дәрігерге қашан бару керегін білмейді, — дейді Ләззат Ашықбаева.

Дәрігер аналарға «Қызға қырық үйден тыйым» қағидатын ұстануды ұсынады. Әр ана 12-13 жасқа толған жасөспірім қызды тек өз үйінде қондыруы керек. Етеккірі келген қызбен сөйлесіп, пәктігін сақтаудың маңыздылығын түсіндіру қажет.
Ал, тағдыр тәлкегіне түсіп, зорлық-зомбылыққа душар болған қыздарға үндемей қалмауға кеңес берді. Анасына немесе жеңгесіне айтып, дәрігердің кеңесіне жүгінуге шақырды. Қандай жағдайда да, маманның кеңесі мәселені дұрыс шешуге ықпал етпек.
Бұған дейін Түркістан облысында 15 жасар қыз 71 жастағы туысынан жүкті болып қалғанын хабарлаған едік.