Маңғыстауда жол апатына түскен науқастардың бірі санавиациямен Ақтауға жеткізілді
АҚТАУ. KAZINFORM — Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, жол апатына түскен 3 адамның жағдайы ауыр.

Зардап шеккендердің бас миы шайқалып, қабырға және аяқ сүйектері сынған. Науқастардың бірі түнде санавиациямен облыс орталығы Ақтау қаласына жеткізілді.
Көлік жүргізуші мен 2 жолаушының өмірін сақтап қалуға дәрігерлер қолдан келетін көмекті жасап жатыр.
— Көлік жүргізуші Жаңаөзен қаласының тұрғыны. Ал, екі науқас Қарағанды облысының тұрғындары. Түнде облыстық санавиация бригадасы Жаңаөзен қаласына жолданған болатын. Науқастарды қарап, тексергеннен кейін бір науқас Ақтауға облыстық ауруханаға жеткізілді. Қазір ол жансақтау бөлімінде, жағдайы тұрақты ауыр. Барлық медициналық көмекті толық көлемде алып жатыр, — дейді басқарма басшысы.
Еске салайық, кеше күндіз сағат 16-00 шамасында Сенек ауылынан 90 шақырым жерде «Тойота» маркалы минивэн аударылды. Көлікте 12 жолаушы болған. Сегізі оқиға орнында, екі адам ауруханаға жеткізу кезінде көз жұмды. Марқұмдардың арасында Ақмола, Қарағанды облысының тұрғындары бар.
Бұған дейін, Жол апатынан қаза тапқан азаматтардың туыстарын Маңғыстау облысына жеткізу үшін борт жіберілгені туралы жазған болатынбыз.