Маңғыстауда «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында 850 бос жұмыс орындары ұсынылды
АҚТАУ. KAZINFORM – Елімізде 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталған. Маңғыстауда осы бағытта өңірлік штаб құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді.

Облыстық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім бөлімінің бас маманы Раушан Мұқанованың айтуынша, аймақта жұмысшы мамандықтар жылы «Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбында салтанатты түрде ашылып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ауқымды түрде жүргізілген. Осы кезге дейін 13 тақырыптық көрме мен 7 интерактивті алаңда колледждер оқытылатын мамандықтар таныстырылып, 25 ірі кәсіпорынның 850 бос жұмыс орындары ұсынылған. 700 мектеп оқушысына кәсіби бағдар берілген.
– Жоспарға сәйкес колледжге оқу-зертханалық ғимаратты теңгерімге алу, жаңа идеялар хакатонын өткізу, ІТ hub ашу, жұмыс берушілердің нақты тапсырмасы бойынша мақсатты білім беру тапсырысын ұлғайту, өңірдің еңбек нарығының сұранысына сәйкес жаңа мамандықтар ашу жұмыстары жүргізілді, - дейді Раушан Мұқанова.

Мамандар мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беру мақсатында, облыстағы ірі 8 кәсіпорынға 1 750 оқушылармен экскурсия ұйымдастырып, ашық есік күндері өткізілген. Сондай-ақ облыстағы 2 колледж Халықаралық Париж академиясы арқылы халықаралық аккредиттеуден өтіп, тағы бір колледж NCCER халықаралық қауымдастығынан өтіп жатыр.
– Колледждер мен кәсіпорындар, жоғары оқу орын арасында 52 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Тенарис компаниясы тарыпынан 28 студентке 260 мың теңге көлемінде 1 реттік шәкіртақы берілді. «Балық өндіру» және «Тері және тон бұйымдарын өңдеу», «Құтқару жұмыстары» бойынша құзыреттік орталықтары ашылды. Сонымен қатар NCOC компаниясы демеушілігі есебінен «Тігін өндірісі» құзіреттілік орталығы ашылды, - дейді облыстық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім бөлімінің бас маманы Раушан Мұқанова.


Облыста «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ауқымды чемпионаттар өткізілген. Оның бірі ұлттық құндылықтарды дәріптеп, атадан балаға мирас болған кәсіп түрлерін игеруге бағытталған «DalaSkills» аймақаралық чемпионаты. Оған 10 құзыреттілік бойынша 9 өңірден 200 адам қатысқан. Оның аясында еңбек нарығына қажетті 14 сала бойынша форсайт-сессиялар ұйымдастырылды. Сонымен қатар WordSkills Aktau – 2025 облыстық чемпионаты өткен.
– Чемпионатқа өңірдің 21 колледжінен 300-ден астам студент пен 1000 жуық оқушы қатысты. Чемпионат қорытындысы бойынша 32 студент республикалық чемпионатқа жолдама алды. «Электроника», «Автономді мобильді робототехника», «Прототиптеу» құзыреттіліктері бойынша «DostiSkills-2025» халықаралық салалық чемпионаты өткізілді. Оған Қытай Халық республикасы, Ресей федерациясы, Австрия, Сауд Арабиясы мемлекеттерінен өкілдер қатысып, тәжірибелерімен бөлісті, - дейді Раушан Мұқанова.


Бұған дейін, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында колледждер бағдарламаларын жаңартып жатқаны туралы жазған болатынбыз.