Маңғыстаудағы Қарақабақ қалашығынан VI ғасырға жататын бірегей жәдігер табылды
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысындағы көне Қарақабақ қалашығында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары кезінде құнды тарихи жәдігер — көне құмыра табылды. Ғалымдардың алдын ала пайымдауынша, артефакт біздің заманымыздың VI ғасырына жатады.
Құнды олжа туралы әлеуметтік желіде археолог Андрей Астафьев мәлімдеді. Алдын ала жүргізілген талдау нәтижелері құмыраның жергілікті шеберлердің қолынан шыққанын көрсетіп отыр.
Маманның айтуынша, артефактіні жан-жақты зерттеу арқылы көне қалашық тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін, дәстүрлері және қолөнерінің дамуы туралы тың мәліметтер алуға мүмкіндік бар.
Қарақабақ қалашығы — Маңғыстау облысындағы ең маңызды әрі бірегей археологиялық ескерткіштердің бірі. Таушық ауылының маңында орналасқан көне қала шамамен біздің заманымыздың I–VI ғасырлары аралығында өмір сүрген.
Зерттеушілердің пікірінше, Қарақабақтың ашылуы Маңғыстау өңірінің тарихына қатысты көзқарасты түбегейлі өзгертті. Бұл жаңалық ежелгі Маңғышлақ түбегі тек көшпелі тайпалардың мекені ғана емес, сонымен қатар отырықшы қалалық мәдениеті дамыған өңір болғанын дәлелдеді.
Бұған дейін, Маңғыстауда тарихи Қарақабақ қалашығында зерттеу жұмыстары басталғанын жазған болатынбыз.