Маңғыстаудағы қайғылы жағдай: Қарин мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру жөнінде кеңес өткізді
АСТАНА. KAZINFORM — Вице-президент Ерлан Қарин Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғаға байланысты мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан шешімдерді іске асыру шаралары, сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының мәселелері талқыланған кеңес өткізді.
— Маңғыстауда болған қайғылы жағдайға байланысты мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан шаралар мен шешімдерді жүзеге асыру, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу және басқа да маңызды мәселелер талқыланды, — деді ол.
Ерлан Қариннің мәліметінше мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың өзара үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуге де баса назар аударылды.
Еске салайық, Каспийдегі қайғылы оқиға 24 қыркүйекте оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде болды. Ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңіз ағызып әкетті.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігіндегі ахуалды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құруды тапсырған болатын. Комиссияға атқарылған жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы Президентке жеті күн ішінде баяндау тапсырылды.
Бүгін Президент Дәурен Қосановты Қазақстанның Қорғаныс министрі қызметінен босатып, бұл лауазымға Айдос Мырзахметовті тағайындады.
Айта кетелік Президент жаңа министрге әскери басқару жүйесін жетілдіруді тапсырған еді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы сарбаздардың қазасынан кейін әскери басшылықты қатаң сынға алды.