Маңғыстаудағы құстарды қорғау жобасын іске асыра алмаған қоғамдық қор қаржыны кері қайтарады

МАҢҒЫСТАУ. KAZINFORM — Комиссия тексеруінен соң осындай шешім қабылдады. Келісімшарт бұзылып, мемлекетке 10 млн теңгені қайтару міндеттелді.

Маңғыстаудағы құстарды қорғау жобасын іске асыра алмаған қоғамдық қор қаржыны кері қайтарады
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мен «Қазақстанның экологиялық қоры» қоғамдық қоры арасында делдал қызметін атқарған «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ы өз шешімін шығарды. 

— «Жабайы құстарды сақтау және оларға уақтылы көмек көрсету» жобасына мониторинг жүргізілді. Орталық әлеуметтік жобаларды одан әрі іске асыруды оңтайландыру және грант қаражатын тиімді бөлуді қамтамасыз ету мақсатында грант алушымен арадағы келісімшартты бұзды, қаражатты толық көлемде бюджетке қайтару міндеттелді. Сонымен қатар «Қазақстанның экологиялық қоры» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатқан барлық жобаға кешенді тексеріс жүргізу, талдау шешімі қабылданды, — деп хабарлады «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ы.

Орталық гранттық жобалардың орындалуын өз бетінше бақылауға мүмкіндік беретін қоғамдық мониторинг жүйесі бар екенін еске салады.

Бұған дейін блогер Азамат Сәрсенбаев құстарды қорғау жұмыстарына 10 млн теңге бөлінгенін кездейсоқ біліп, шу шығарды. Ал тапсырыс беруші Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жұмысты дұрыс орындамаған қоғамдық қорға екі рет ескерту берді. 

Соңғы жаңалықтар